Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"1 қыркүйектен бастап мектептерде балаларға пицца, шұжық, бәліштер берілмейді" – Оқу-ағарту министрі

17:24, 13 тамыз 2025 904

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде оқушыларға зиянды деп танылған өнімдер – пицца, сосиска, түрлі тоқаш-бәліштер мен қантты сусындар берілмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет үйіндегі брифингте мәлімдеді, деп Alash.kz ұлттық порталы KYN.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, былтырғы оқу жылында Маңғыстау облысында 400-ге жуық баланың жаппай улану оқиғасы тамақ сапасын бақылауды күшейтуге себеп болған. 

"Біз өткен оқу жылында Маңғыстау облысында 400 баланың уланғанын жақсы білеміз. Енді тамақтану мен санитарлық жағдайларға бақылау Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Бұл бізге өнімдер мен тамақтың сапасына қойылатын талаптарды күшейтудің бір себебі болды", –деді Бейсембаев.

Министрдің сөзінше, енді мектеп асханаларында нан-тоқаш өнімдері мен зиянды сусындар мүлдем сатылмайды.

"Бұл биылғы жаңалықтар. Сондай-ақ балалардың денсаулығына зиянды өнімдерді тұтыну шектеледі", – деді министр.

Министрдің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап мектеп медбикелері күн сайын оқушылардың тамақ сапасын қадағалайтын болады.

"Бұрын оларда мұндай жауапкершілік жоқ еді. Қазір мамандар күнделікті бақылау жүргізетін болады. Егер бұрын комиссия айына бір рет тексерсе, өткен жылдан бастап біз күнделікті мониторинг енгіздік", – деді ол.

Мектеп асханаларынан пицца мен сосискаларды алып тастау жөніндегі сұраққа жауап берген Бейсембаев былай деді:

"Иә, бұл мәселе бақылауға алынатын болады. Жергілікті атқарушы органдар мен мектептер жаңа талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар тек дұрыс тамақтануды қамтамасыз етуге ғана емес, оның сапасына да сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған", – деп атап өтті министр.

Еске сала кетейік, былтыр Бесшоқы ауылындағы мектепте оқушылардың жаппай улануы тіркеліп, 83 бала ауруханаға түскен. Кейін асхана қызметкерлерінен стафилококк инфекциясы анықталған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар