Қазақстанның игерілмеген игілігі

Қазақстанның игерілмеген игілігі Суреттерді түсірген - С.Құсайынов

Кеген керуенін туризмге бұрғысы келеді



Туризм – валюта генераторы. Қазақстанның пайдаға асырылмай жатқан потенциалының бірі де осы сала. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мұны мойындай отырып, туризм саласында «серпінді жобалардың керек екенін» баса айтқан еді.  Бұл күнде біз Бурабай мен Алакөлге, Көлсай мен Шарынға, Медеу мен Шымбұлаққа келген мыңдаған шетелдік туристерді айтып мақтануға құмармыз. Алайда, бұлардың саны миллиондармен саналған кезде ғана ел эконоикасындағы нағыз сүбелі салаға айналады.


Көлсай мен Шарын сынды әйгілі брэнді бар Кеген ауданы болашақта өңірдің басты кіріс көзін осы салаға бұрмақ. Ол жайында аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауданындағы баспасөз турын қабылдаған кезде мәлім етті. Шын мәнісінде, елімізде мұндай серпінді бұрылыс жасауға ниеттенген өңір жоқтың қасы. Егер Кеген ауданы өзінің асып жетерлік потенциалын кәдеге жаратуға шындап кіріссе, бұл тұтас республика үшін үлкен бастама болар еді.



Ол үшін өңірлердің экономикалық бағыты әлемдегі ақша генераторы саналатын осы салаға бейімделуі тиіс. Былайша айтқанда, бір өңір тұтастай туризмді негізгі табыс көзі мен әл-ауқатты арттырудың тіректі тиянағы етуі керек. Жергілікті әкімшіліктен бастап, тұрғындарына дейін туризм саласынан тасқын судай ағылатын валюта ағынына дайын болғанда ғана көркем табиғатынан тартып, қолындағы тары-талқанына дейін дап-дайын ресурсқа айналып шыға келмек.  


30 қыркүйек күні Кеген ауданында өткен баспасөз туры кезінде аудан басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы өңірдің туристік әлеуеті жайында кеңірек мәлімет берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын негіз еткен ауданды жаңа салаға бейімдеу үшін қырыуар инвестиция тартуға тура келеді. Себебі, 9 млрд теңге шамасындағы аудан бюджетімен бұрылыс жасау мүлде қиын шаруа. Қазірше аудан тарабы жергілікті және отандық бизнес өкілдерін, инвесторларды өңірдің болашақ саласына тартуға жұмыстану үстінде.



БАҚ өкілдерімен бөліскен ресми мәліметтерінде айтылғандай, Кеген ауданы биыл күзге дейін 214 мыңға жуық турист қабылдаған. Бұдан бюджетке түскен салық көлемі 71,5 миллион теңгені құрайды. Алайда, ауданның ауылшаруашылық өнімдерінің құнымен (14,5 миллиард теңге) салыстырғанда әлі де төмен деңгейде.


Әрине, бір өңірдің туризм саласының, жалпы экономикалық тынысының ашылуы тікелей коммуникацияға тәуелді. Аудандағы 775 шақырымдық жолдың 200 шақырымнан астамы республикаға, яғни АО «НК «ҚазАвтоЖол»-ға тиесілі. Әрі  аудандағы нашар немесе жарамсыз жолдардың 32 пайызы да соған қарасты. Пресс-тур кезінде белгілі болғанындай, Кеген жұртының   «ҚазАвтоЖолға» өкпесі қара қазандай.  Ұлттық компания өкілі журналистер алдында қар жауғанға дейін жолдарды орта деңгейдегі жөндеуден өткізуге уәдесін берді. Республикалық маңызды бар жолдардағы ақау өңірдің туристік тынысын буып тұр. 



Шын мәнінде, Кеген керуенін туризмнің кең айдынына бұру қысқа уақытта жүзеге асатын жұмыс емес. Сондықтан да ауданның жаңа әкімшілігі қазірге дейінгі негізгі шаруашылық саласында тың бастамаларды қолға алып жатқанын білдік. Айталық, «Кегенмясопром» ЖШС-ның ет комбинатының құрылысы аяқталуға жақын. Өзімен іргелес Алматы облысының 4 ауданын және көршілес Қырғызстанның солтүстік өңірлеріндегі мал өнімдерін өзіне бұратын жобадан күтер үміт зор. Тәулігіне 50 ірі қара, 10 жылқы, 150 ұсақ мал қабылдауға қабілетті жұмыс орыны тек өңірдің өзінен 3500-ден аса шаруа қожалығына тұрақты табыс көзін ұсына алады деп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22

12:09

11:53

11:50

10:26

10:14

10:02