Белгілі әнші Роза Әлқожа отбасылық өмірінің 25 жылдығына орай өткен күміс тойының әсерлі сәттерін Instagram-парақшасында жариялады, деп жазады Alash.kz.
"Аллаға мың да бір шүкір. Бүгін шаңырақ көтергенімізге 25 жыл толып отыр. Көптен күткен күміс тойымыз басталды. Ұлым мен қызым ән айтып, бізді сахна төріне алып шықты. Қуанышымызға ортақтасып келген барша жанға алғысым шексіз", – деп жазды әнші бейнежазбаның сипаттамасында.
Мерекелік кеште Роза Әлқожаның ұлы мен қызы ғана емес, өзі де сахнаға шығып, жан жарына арнап жаңа ән орындады. Ол әннің атауы – "Әкемнің күйеу баласы". Әнші бұл туындының тұсаукесерін дәл осы тойда өткізгенін атап өтті.
Қонақтарға алып торт ұсынылып, ән шашумен қатар мерекелік көңіл күй сыйланды.
Әнші бұл кешке арнайы ретростильдегі аппақ көйлек киіп шықты. Көйлекті танымал дизайнер Аида Қауменова екі аптаның ішінде дайындаған.
"Роза ханым күйеуіне тосынсый жасағысы келді. Біз гипюр матасынан ақ түсті көйлек тігіп бердік. Оның дизайнында 80-жылдардағы үлгі жаңаша өңдеумен бейнеленді. Бұл көйлек тек мерекелік кеште ғана емес, сахнада да сән береді деп сенеміз", – деп жазды дизайнер өз парақшасында.