Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Қазаққа танымал журналист 69 жасына қараған шақта көз жұмды (ФОТО)

22:41, 10 қыркүйек 2025 308

Қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқан танымал жазушы, публицист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, қаламы қарымды қаламгер Қайым-Мұнар Табеев өмірден озды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайым-Мұнар Табеев 1956 жылы 5 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының «Шолпан» кеңшарында дүниеге келген.

Ол 1981 жылы Қазақ мемлекеттік Заң университетінің аспирантурасын социолог-заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін 1999 жылы тағы да осы университетте аспирантурадан өтіп, 2002 жылы Алматы мемлекеттік басқару институтында, ал 2004 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясында біліктілігін жетілдірген.

Шығармашылық еңбек жолын 1981 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бастаған. Кейіннен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» басылымдарында тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1994–1996 жылдары Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің кеңесшісі болды. Сондай-ақ Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде, Алматы қаласы әкімдігі құрылымдарында жауапты қызметтер атқарып, Ішкі саясат департаментінің БАҚ және ақпараттық саясат бөлімін басқарды. Соңғы жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратының ұлт саясаты жөніндегі бөлімін басқарды.

Қаламгердің еңбектері бірнеше жинақтарда жарық көрді. Атап айтқанда: «Шырқа, керней» (1983), «Ар өлшемі» (1984), «Қатарда жүр қарт солдат» (1985), «Халық қалаулылары» (1987), «Байғазы» (1989), «Алматы. Желтоқсан – 86» (1991) сияқты еңбектері белгілі. Сонымен бірге «ХХ ғасырдың обасы» (1989), «Мұзда жанған алау» (1993), «Қайсар рухты қазақ» (1994), «Қазақтың желтоқсаны» (2006) сынды кітаптары оқырман қолына тиді.

1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған Адам құқығын қорғау комиссиясының жауапты хатшысы болды. 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне қабылданып, Алматы қалалық атқару хатшылығын басқарды.

Өз өмірінде ол көптеген марапатқа ие болды. 1990 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын, 1994 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығын иеленді. Бұдан бөлек түрлі республикалық баспасөз байқауларында жеңімпаз атанып, «Астанаға 10 жыл» медалімен және бірқатар Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар