Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Құрбылары көз жұмды”. Жол апатына түскен Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлының жағдайы белгілі болды

10:59, 28 шілде 2025 552

Бүгін таңертең танымал UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол апатына түсті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

Жол апатынан оның көлігінде болған екі жолаушы қайтыс болды. Жол-көлік оқиғасы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы тас жолда болған.

HALYQSTAN тілшісінің мәліметінше, Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға жолға шыққан. Toyota Land Cruiser маркалы жол талғамайтын көлікті өзі тізгіндеген. Көлік Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсуек ауылының маңында аударылып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел адам рөлге ие бола алмаған.

Апат салдарынан 39 жастағы жолаушы З.А. оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы 35 жастағы А.С. Мойынқұм аудандық ауруханасына жетпей, жолда қайтыс болған.

Гүлайым Рахмонова мен 2022 жылы туған ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

«Ота қажет емес. Динамикалық бақылау жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады аурухана өкілдері.

Аталған оқиға бойынша жол қозғалысы ережесін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан деген баппен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов өзі Абу-Дабиге кеткен. Спортшы Асу Алмабаевқа көмектесуге барды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар