Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қайғылы жағдай: Оқушы қызды құтқарамын деп екі мұғалім суға кетті

16:50, 14 тамыз 2025 1336
 
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында Жайық өзеніне батып бара жатқан 13 жасар қызды құтқару кезінде екі азамат суға кетті, деп жазады Alash.KZ.
 
Олардың бірі – 37 жастағы Абай ауылының тұрғыны, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қанат Шайхиденов Болатұлы болса, екіншісі – 25 жастағы Астана қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінің физика пәні мұғалімі Аминов Бекарыс Қалиоллаұлы.
 
Қайғылы оқиға болған күні Қанат отбасымен өзен жағасында демалып жүрген. Жақын маңда жасөспірім қыз бен екі ер адам суға шомылып жатқан. Кенеттен қыз аяқ-қолын сермеп, суға бата бастайды. Осы кезде қыздың ағасы ойланбастан көмекке ұмтылады. Көмек сұрап айқайлаған қыздың дауысын естіген Қанат та қызды құтқару үшін суға секіреді. Қызды әупірімдеп құтқарғанмен, өкінішке қарай, екі жігіт те жағаға қайтып шыға алмайды.
 
Желіде Бекзат Сәбитов есімді оқырманның жазуынша, Қанат Шайхиденов Абай ауылындағы мектептің жоғары санатты ұстазы еді. Ерлікпен қаза тапқан ержүрек әкесінің жантәсілім сәтін өз көзімен көрген жары мен бес баласы өң мен түстің арасында аңырып қала берді. Үлкен ұлы – мүгедек. Ал кенжесі небәрі 3 ай бұрын ғана дүние есігін ашқан нәресте. Ал ауылына жазғы демалысқа қыдырып келген Бекарыс Аминов болса, тамызда үйленіп, шаңырақ көтергелі отырған.
 
Қыршын кеткен екі жас та қысылтаяң сәтте өз бастарын қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқару үшін көзсіз ерлікке бара білді. Боздақтардың осы ерлігі ескеріліп, жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапса дейді ауыл тұрғындары. Әсіресе, қамқоршысыз қалған Қанат Шайхиденовтің отбасына көмек қолын созатын ел азаматтары табылса, қайғы жамылған шаңырақ үшін үлкен қолдау болар еді. 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар