Қоғам қайраткері, саяси тұлға марқұм Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ қазасына қатысты айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек тың мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист Жанар Байсемізбен екі жарым сағатқа жуық сұхбат құрған ақын халықтың қамы үшін бақилық болып кеткен тұлғалардың өлімі кездейсоқ болмағанын, сол үшін “қатты беріліп, шырылдамау” қажет екенін мысалмен жеткізді. Ел үшін толарсақтан саз кешіп, белі бүгілмей еңбек қылған азаматтардың еткен ісі еленбей қалмас үшін, олар миссиясы аяқталғанша өлмеу керектігін ашып айтқан:
Шын шырылдағаныңның өзі қазаққа керек пе? Жоқ па? Алтынбек пен Заманбектің қайтыс болып кеткенінен гөрі, тірі жүргенінің пайдасы көп пе деп ойлаймын. Мысалы, Шымкентте Руслан Берденов інімізді атып кетті. Заманбек ағамыз, Алтынбек ағамыз қайтыс болып кетті. Жалпы, біздің қоғамда “сатқындық”, “сені өлімге де қия салу” деген нәрсенің бар екенін сезінуіміз керек сияқты. Өйткені, онсыз да “қазақ деп шырылдайтын азамат” өте аз. Және ол азаматтардың өмірінің соңына дейін миссиясын адал атқарып, аман болғаны маңызды. Сондықтан, мен кейде айтамын азаматтарға “байқаңдаршы” деп.
Өзі атын атап өткен Заманбек Нұрқаділовтің күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған күмәнді қазасы туралы “Адам баласының өз-өзін үш рет ата алады дегенге сенесіз бе?” деген журналистің сұрағына Мұхамеджан Тазабек былай жауап қатты:
Мен неше түрлі Голливудтың киноларын көріп алғанмын. Неше түрлі оқиғалар өмірде бола береді. Әрине, “аға өзін-өзі атты” дегенге ешкім сенбейді. Бірақ, нақты мына адам атты дегеннің нұсқасы да көп қой.