АҚШ президенті Дональд Трамптың денсаулығы нашарлап кеткен, деп жазады Alash.kz.
Трмптың бұл жай-күйін желі қолданушылары мен журналистер күнделікті суреттері мен сұхбаттарынан байқаған. Артынша, бұл мәселеге қатысты Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левит ресми брифингте мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, тексеру нәтижелері жалпы алғанда қалыпты көрсеткіштер шегінде болған.
“Президентке жан-жақты медициналық тексеру жүргізілді. Соның ішінде қан тамырларын диагностикадан өткізу, аяқтың төменгі бөлігіндегі веналардың екіжақты доплерографиясы да жасалды. Соның нәтижесінде созылмалы веналық жеткіліксіздік анықталды. Бұл - қауіпті емес әрі кең таралған ауру, әсіресе 70 жастан асқандар арасында жиі кездеседі” деді ол журналистерге брифингте.
Левиттің сөзінше, соңғы апталарда АҚШ президентінің аяқтарының төменгі бөлігінде ісінулер пайда болған. Сонымен қатар, президенттің жаңа суреттерінде алақанының сырт жағы көгергені де байқалған.
Әкімшілік өкілі мұны жиі қол алысып амандасудан және аспиринді тұрақты қолданудан болатын жұмсақ тіндердің тітіркенуімен түсіндірді. АҚШ президенті үшін қазір арнайы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында стандартты профилактикалық бағдарламаға енгізілген.