Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әбден шаршадым": Ыстықкөлде көз жұмған 21 жастағы боксшының бапкері оқиғаның қалай болғанын айтып берді

12:07, 16 шілде 2025 513

Шымкент қаласынан шыққан жас боксшы Ибрагим Ирисматов Ыстықкөлде суға батып, мерт болды. Ол небәрі 21 жаста еді. Қайғылы жағдай болған сәтте Қазақстан жастар құрамасы дәл осы өңірде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан болатын, деп хабарлайды Alash.kz.

Журналист Аслан Қаженов Ибрагимнің жеке бапкері Әлішер Эрметовке хабарласып, спортшының Ыстықкөлге өз қаражатына барғанын анықтады. 

"Ибрагим боксқа екі жыл бұрын ғана келді. Талпынысы жоғары, оқуға да бейім еді. Шымкенттегі университетте білім алып жүрді. Біз Ыстықкөлге төрт адам болып бардық: мен, ұлттық құрама сапындағы шәкіртім Санжарәлі Бегалиев және Ибрагиммен бірге тағы бір оқушым. Санжармен екеуміз ұлттық құраманың оқу-жаттығу базасына орналастық, ал Ибрагимдер бөлек қонақүйде болды", – дейді бапкер.

Қайғылы жағдай болған күні түске дейін демалып, суға шомылған. Ал түстен кейін спарринг жоспарланған екен.

"Сол күні су сәл салқындау болды. Меніңше, сіңірі тартылып қалған болуы мүмкін. Бірақ нақты себепті медициналық сараптама анықтайды. Қайғылы хабарды ести сала жеттім, бірақ тым кеш еді", – дейді Эрметов.

Бапкер Ибрагимнің ұлттық құрамада да, қалалық командада да болмағанын нақтылап өтті. Ол тек бірқатар жарыстарға қатысып көрген, алайда іріктеуден өте алмаған.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде тараған әртүрлі қауесеттерге байланысты түсініктеме берді:

"Әлеуметтік желідегі жалған ақпараттардан шаршадым. Бұл ең алдымен баланың ата-анасына ауыр тиіп жатыр. Қажет болса, жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретін шығармын", – деді бапкер ашынып.

Қазақстан бокс федерациясы мен Шымкент қаласының спорт басқармасы да бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар