Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі елдің түрлі аймағында заңсыз жұмыс істеген жекеменшік діни мектептерді әшкереледі, деп жазады Alash.kz.
Тергеу кезінде балалардың үй жағдайында, рұқсатсыз ұйымдастырылған мекемелерде оқытылғаны белгілі болды. Кейбір оқушылар тәртіп бұзғаны үшін “ұрып-соғу” жазасына тартылғандарын айтқан.
Сурхандария облысында 25 жастағы тұрғын өз үйінде 9 баланы оқытса, Наманган облысында 58 жастағы азамат 17 балаға заңсыз сабақ берген. Ата-аналар мұндай “оқыту” үшін ай сайын 100 доллар төлеп отырған. Балалардың бірі сабақ жаттамаса, мұғалімнің ұрып-соғатынын бейнежазбада жайбарақат баяндап берді.
Аталған фактілер бойынша ұйымдастырушылар мен ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тергеу амалдары басталды. Бұған дейін дәл осындай жағдай Ферғана облысында тіркелген. Сабақтар антисанитарлық жағдайда өткен, ешқандай рұқсат құжаттары болмаған.