Түрік сұлтанымен тілдескен

Түрік сұлтанымен тілдескен almaty-akshamy.kz

1902 жылдың 10 мамырында екi қазақ Қазақстаннан жер аударылды. Оларға «Қазақ халқы арасында үкiметке қарсы үгiт жүргiзген» деген айып тағылған. Патша үкiметiнiң дұшпаны ретiнде әскери тәртiптiң 34-бабы бойынша жазаға тартылды. Сөйтiп, Көкшетаудан бiрi – Енесай губерниясына, екiншiсi – сахалар елiне, Якутияға ерiксiз кете барды. Шындығына келгенде, оларға тағылған айып негiзсiз емес едi.


Ол заман шетсiз де шексiз қазақ жерiне патшалы Ресейдiң көз тiгiп отырған уақыты болатын. Көз тiгiп қана қойған жоқ, Қазақстанның солтүстiгiнен бастап құрсаулап үлгерген. Жерiн алу – жарты, тiлi мен дiнiн алу – бүтiн жұмыс екенiн түсiндi. Қазақты, ең алдымен, өз дiнiне кiргiзу керек. Бұл орайда патша ағзамның сенiмдi өкiлдерi, белгiлi миссионерлер – Алекторов пен Ильминский көп шаруа тындырған. Олар жасаған құпия бағдарлама бойынша қазақ елiнде болыс басына бiр-бiр мектеп ашу көзделдi. Сол арқылы әдейi дiнсiз деп танылған қазақты Ғайса пайғамбар дiнiне кiргiзбек едi. Алайда, қазақ iшiнен шыққан көзi ашық жандар оған жол берген жоқ. Әртүрлi айла жасап, күресiп бақты. Оны ұйымдастырушылардың бiрi Науан хазiрет болатын. Бұл оқиғаның жайын терең зерттеген Қазақстанның халық жазушысы Сәкен серi Жүнiсов:



  – Ол кезде Көкшетауда сегiз болыс болған. Науан хазiрет солардың барлығының басшыларын шақырып алып, «Бiзге Ресей дiнiмiзге кiрiңдер деп жатыр. Оларға жерiмiздi бергенмен, дiнiмiздi сатпаймыз. Ол – бiздiң сатқындығымыз» деп, «Iнжiлдi» етектерiне салып суға лақтырады. Өзi уезд бастығының алдына барғанда, «Мен үгiттей алмадым, айтқаныма көнетiн түрi жоқ» деп, өзiнiң бiраз еңбектенгенiн айтады, – деген еді.



Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбайұлы және Сәдуақас Шипабекұлы бастаған зиялылар Петерборда жүрiп, елмен тығыз байланыс жасап тұрды. Олардың онда саяси күрестiң сан түрлi жолдарын үйренiп қалған кезi. Өздерi Петербор жақтан, сенiмдi өкiлдерi ел iшiнен отарлау саясатына қарсы шығады. Оған қазақтың сол кездегi дiнбасылары да, бай-болыс, саудагер-көпестерi де қосылған. Жер аударылған Шәймерден Қосшығұлұлы осындай көпестiң бiрi едi.


Сол тұста Көкшетау уезiнiң қазақтары Николай патшаға қарсы көтерiлiске шығып, наразылық бiлдiрген. Себебi, 1900 жылдың қыркүйегiнде губернатор «Көкшетау, Қызылжар арасында станса басына 80 ат, 100 қойдан даярлап күтiп тұрсын!» деп болыстарға бұйрық бередi. Өйткенi, Николай патша өзiнiң дiнбасысы – Бас Архиерийiн қазақ даласына жiберген болатын. Қазақтар станса басына 5 үйден тiгiп, өздерi 10 қойдан сойып жеп күтiп жатады.


10 пәуескемен Архиерий он бес күн дегенде келген. Қасында генерал-губернатор мен уезд бастығы бар. Өз дiндерiне кiргiзу мақсатымен келген дiнбасыға Көкшетауда 1200 қазақ қарсы шығады. Бұл деректердi дiндар-ғалым Сәдуақас Ғылмани көшiрiп жазып алып, өзiнiң соңында қалдырды.



  – Бiздiң Алматыдағы Орталық мешiтте Рәтбек қажы Нысанбайұлынан бұрын ұзақ жылдар бойы Сәдуақас Ғылмани дiнбасы болып тұрды. Бұл кiсi 108.008 сөзге анықтама берiп, арабша-қазақша сөздiк жасаған. Өз өмiрiнде 8 том кiтап жасап шықты. Олар оның өзi ғана жазған дүниелерi емес, әркiмнiң жазғандарын да екшелеп жинай берген. Солардың iшiнде Шәймерден Қосшығұлов туралы да үлкен материал бар, – дедi зерттеушi-жазушы Нұрқасым Қазыбек.



Науан хазiреттiң шын аты-жөнi – Наурызбай Таласұлы болатын. Ол кезде Көкшетау уезiнiң имамы едi. Соның айтқанымен үгiт жүргiзiп жүр деп, алдымен Шәймерден Қосшығұлұлын түрмеге жабады. Бiрақ Көкшетаудағы 8 болыс қолдарын қойып, ендi қарсылық жасамаймыз деп, оны босатып алған. Алайда, олардың бұлары жай сөз болатын. Олар бұдан кейiн астыртын жұмыс iстеуге көштi. Тiптi, 1901 жылдың қарашасында ел-жұрт жиналып, Шәймерден Қосшығұлұлына халықтан қол жинауды тапсырады. Ол 8 ай бойы жаяулата ел аралап, қол жинаған.


Николай патшаға бұл кезде Ресей жұртының өзi де наразылық бiлдiрiп жатқан. Iрi қалалардағы жұмысшылар мен студенттер арасында түрлi үгiт-насихат жұмыстары жүргiзiлдi. Олардың арасында қазақ топырағынан барып оқып жатқан жастар да бар едi. Олар елдегi адамдармен астыртын хат алысып тұрды. Дiннен айыруға байланысты 1200 адамның қарсы шығуына осының да ықпалы тиген. Оның үстiне, ел iшiнде Науан хазiрет сияқты көреген адамдар бұл тұрғыда ыждағатты түрде жұмыс iстеп жатты.


Науан хазiрет Ақан серiмен бажа болған адам. Екеуi Тiнәлi деген қажының қыздарын алды. Алайда, әйелi өлген Науан хазiрет Ғұсни-Манат деген башқұрт қызға үйленедi. Енесай жақта айдауда жүргенде екеуiнен Ғазизтай деген ұл туған. Ғазизтай Николай патшаның Алексейiмен құрдас едi.



  – Ғазизтайы дүниеге келгенде, патшаның да әйелi босанады. Осы сәттi пайдаланған Ғұсни-Манат патшаның әйелiне хат жазады. Оны Алексейдiң дүниеге келуiмен құттықтап, «Мен де босандым, бiрақ менiң баламның маңдайына Отанынан жырақта дүниеге келудi жазыпты» деп жағдайын айтқан. Қулықты көрдiңiз бе, хатты патшаның өзiне емес, әйелiне жазып отыр. Әйел әйелдiң жағдайын жақсы түсiнедi ғой, бiр жағынан бұл – саясат, – дейдi жазушы-драматург Сәкен серi Жүнiсов. 



10 жылға жер аударылып кеткен Науан хазiрет 1904 жылы елге оралады. Ұлды болған қуанышты патша кешiрiм жасаған. Екi жарым жыл айдауда жүрген Шәймерденге де кешiрiм болды. Алайда, елге келген оны Тынышбаев пен Шипабекұлы Петерборға шақырып алады. Ол сонда жүрiп 1905 жылғы көтерiлiске қатысқан. Ол көтерiлiс қанды қырғынмен аяқталды.


Азуы алты қарыс патшаға айтқанын жасата алмайтынын бiлген қазақ зиялылары Шәймердендi Түркияға жiберген. Олар ендiгi көмектi сырттан iздейдi. Терезесi тең, iргелес елдiң әсерi бола ма деп ойлаған. Стамбулға қажылармен iлесiп барған Шәймерден Қосшығұлұлы Түркияның дiнбасылары мен ел басшыларымен тiлдеседi.



  – Екi жылдай арып-ашып елге келген Шәймерден түк бiтiрмедiм деп ойлайды. Алайда, елге келсе, бұндағы газеттердiң бәрi шулап, оның Түркияда айтқандары мен газеттерде жария болған сөздерiн айтып даурығып жатыр екен. Соған қарап ол еңбегiм қайтқан екен, бекер бармаған екенмiн деген шешiмге келедi, – дейдi зерттеушi-жазушы Нұрқасым Қазыбек.



Ресейдiң II Думасына мүше болған, «Серке» газетiн шығарған Шәймерден Қосшығұлұлының еңбегi, шынында да, еш кеткен жоқ болатын. Түркиядан келген соң оның арызына Николай патша «Әуелi жерге қазақтар орналасып, егiстiк, шабындық, жайылымдық жерлермен қамтамасыз етiлсiн! Артық жер табылса, соны алсын» деп жауап қайтарып, қол қойған деген әңгiме бар. Ол қағаз кейiннен Көкшетаудың оқу бөлiмiнiң бастығы Бiләл Малдыбаевта болған. Әрине, патша жай ғана тыныштандыру мақсатын көздеген болар. Қалай болғанда да, Николай патшаның үнсiз қалмағаны және содан кейiн қазақты шоқындыру саясатының саябырсығаны рас.  


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:54

17:50

16:40

16:12

15:42

15:30

14:52

14:10

13:26

13:13

12:59

12:46

12:07

11:55

11:30

11:03

10:40

18:41

18:39

18:31

18:10

16:06

15:46

14:37

14:12