Тағдырыма өкпелімін...

Тағдырыма өкпелімін... almaty-akshamy.kz

Күні кеше құрбым төртінші қызын босанды. Күйеуі «жуып» отырып, қызара бөртіп: «Мынау тағы да қыз туды. Бұл қатын маған ұлды қашан туып беремін дейді сонда!», – деп кіжінді. Ал менің жылағым келді...


Жомартпен отасқаныма сегіз жылдан асып барады. Арамыздағы бұрынғы сезімнің тек қоламтасы қалған сияқты. Соны үрлеп, лаулатып жағар нәресте де жоқ.


Бала күнімнен сүйек туберкулезіне шалдыққанмын. Дәрігерлер сәби сүюіме үзілді-кесілді тыйым салған. Ағзамдағы өзге дерттер де өмірге мүгедек ұрпақ әкелуіме себепші болуы мүмкін дейді.


Мен Жомартты бір көргеннен ұнаттым. Сатушы едім. Дүкенге нан алуға кірген жігіттің күлген кезде маржандай тістері аппақ болып түзіле кетіп, көздері бір сызық болып қалатыны сүйкімді көрінді. Екеуміздің көңіліміз тез жарасым тапты. Үйлендік.


Жомарт пен анасының ауылдағы үйін, бар малын сатып, қаладан тірлік іздеп келген беттері екен. Жалдамалы пәтерде тұрып жатыпты. Үйлерін сатқан қаражатпен бұрынғы қордаланған қарыздарын жауыпты.


Жомарт өзін дала төсінде қызылша теріп жүріп жалғыз жеткізген анасын қатты құрметтейтін. Менің марқұм шешемнен қалған бір бөлмелі пәтерім бар еді. Аз уақыт өте келе сонда тұрайық деп шештік.


Бірде енемнің: «Қашан бала көтереді, уақыт өтіп жатыр, осылай жүре бересіңдер ме?!» деген сөздерін құлағым шалып қалды. Енді бірде: «Сұрай алмасаң, өзім-ақ сұрайын», – деп жатыр екен күйеуіме.


Уақыт өте сырым ашылғанда: «Айналайын, немере сүйгім келеді! Мейлі, ауру бала болса да туып берші, тек көтерші, қазір медицина дамыған ғой, өлтірмес, өзім бағып беремін!», – деді енем жалынғандай боп. Ол кісіні де түсінемін. Бірақ өз денсаулығымның жайы өзіме белгілі ғой.


Тағы бірде ұлына: «Сен шешек осы әйелге неге байланып қалдың, а?! Әлі жассың. Бала туатын әйелді өзім-ақ тауып берейін», – дегенде, Жомартым не айтты дейсіз бе?! «Мама, сонда екеуміз қайда барып тұрамыз, басымызда үй де жоқ, ал мойында ілулі тұрған қарызды қайтпекпіз...», – деп күмілжіді.


Сол сәтте сырттан кіріп келіп тұрған мен есік көзіне отыра кеттім. Сөмкем сусып қолымнан түсіп кеткенде, күйеуім оқыс дыбыстан жүгіріп келген болатын.


Осыдан соң бір бөлмедегі үшеуміздің тоңтеріс өміріміз басталды. Бар ермегіміз – теледидар. Тіпті, «Шаншар», «Нысананың» әзілдеріне зорлана, әйтеуір үнсіздікті, көңілсіз күндерді бұзу үшін күлетініміз бар.


Сола-а-ай менің өмірім! Тағдырыма өкпелімін. Үш адам бір-бірімізге жіпсіз байланып осылай өмір сүрудеміз. Қашанға дейін шыдар екенбіз?..


P.S.


Бұл менің бір жастағы қызыма күтуші болған Мүнира деген келіншектің әңгімесі болатын. Ал сол қызым бүгінде 13-ке келді. Уақыт уысыңда тұрмайды, арада сырғып біраз жыл да өтіп кетіпті- ау. Біз басқа қалаға көшіп кеттік. Мүнираның тағдырынан хабарсызбын. Бірақ жаны жаралы келіншекті ұмытқаным жоқ...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:54

17:50

16:40

16:12

15:42

15:30

14:52

14:10

13:26

13:13

12:59

12:46

12:07

11:55

11:30

11:03

10:40

18:41

18:39

18:31

18:10

16:06

15:46

14:37

14:12