Халықаралық сотқа шағым: Израиль жауапқа тартыла ма?

Халықаралық сотқа шағым: Израиль жауапқа тартыла ма? news.cgtn.com

Өткен сенбіде Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында Араб және Ислам елдерінің кезектен тыс саммиті өтті. Жиынның басты тақырыбы – Палес­тина–Израиль мәселесі болды. Әсіресе, 11 мыңнан астам адам көз жұмған Газадағы қанды қырғын негізгі тақырып ретінде талқыланды. Жиын соңында тараптар ортақ декларацияға қол қойды. Онда Араб және Ислам елдерінің Израильді әскери қылмыс бойынша айыптап, халықаралық сотқа шағым түсіретіні айтылған. Дәлірек айтсақ, Халықаралық қылмыстық сотының прокурорынан Израильдің әскери қылмыстары бойынша тергеу жүргізуді талап еткен. Сонымен, Эр-Риядтағы жиынның қандай маңызы бар? Халықаралық сот не істей алуы мүмкін? Әскери немесе соғыс қылмысы немен айырмаланады? Адамзатқа қарсы қылмыс деген не? Ендігі сөз осы сұрақтар төңірегінде өрбімек...



Эр-Риядта қабылданған декларация


Араб және Ислам елдерінің басшыларын жинаған саммит­те қорытынды декларация қабылданды. Бұл декларация Ха­лықаралық сот прокурорынан Израильдің әскери қылмыстары туралы тергеу жүргізуін талап етеді. Негізгі мазмұнында Из­раильдің осыған дейін Иерусалимді қамтыған Палестина жерін­де жасаған әскери қылмыстарына қатысты тергеуді толық аяқ­тауды талап кеткен. Соның қатарында адамзатқа қарсы қылмыс фактілерін де ашық тергеуді сұраған. Ал осы құжатқа қол қойған Ислам ынтымақтастық ұйымы мен Араб лигасының барлық мүшелеріне халықаралық сот прокурорының тергеуін қадаға­лауды міндеттейді. Әрі 7 қазаннан кейінгі Израильдің әскери не соғыс қылмыстарына қатысты немесе гуманитарлық құқықтар­дың бұзылуына қатысты деректерді жинап, сотқа дайындауды тапсырған. Былайша айтқанда, Газадағы қақтығыс кезіндегі Израиль әрекеттеріне қатысты барлық деректерді, соның ішінде соғыс қылмысына тән болған фактілерді жинастыруды әрі ха­лықаралық сотқа жеткізуі керек.



7 қазан күні ХАМАС тобы Газадан шығып Израиль жеріне тұтқиыл шабуыл жасады. Бұдан 1400 шамасындағы израильдік көз жұмды. Бұл еврей мемлекеті құрылғаннан бергі бір уақытта болған ең көп адам шығыны саналады. Бұған жауап ретінде Израиль Газаға бағытталған әскери шабуылын бастады. Из­раильдің қарымта әрекеті өздеріне жасалған қатігез шабуылдан кем түспеді. Тіпті, адам шығынымен салыстырғанда одан он есеге жуық асып түсті. Тынымсыз әуе және баллистикалық соққылардан Газа секторы қирандыға айналды. Деректерге қарағанда қаза болғандар саны 11 мыңнан асты, оның ішінде 4600-ден астам бала, 3100 шамасында әйел көз жұмған. Жара­ланғандар саны 28000 шамасында. Бұл қақтығыс басталғаннан кейін бір ай уақыт өткендегі сан. Егер атыс тоқтамаса, бұл сан­дар әлі де ұлғая беретініне дау жоқ.



Бұған дейін БҰҰ мен оған қарасты бірнеше ұйым жағынан Израильге ауыр сындар айтылды. «Соғыс қылмысын» жасады, тіпті «адамзатқа қарсы қылмыс» жасап жатыр деген айыптаулар да кездесті. Эр-Риядта кезектен тыс саммит өткізген Араб және Ислам елдері қабылдаған декларация Израильді осы айыппен алғаш рет ресми сотқа тартқан халықаралық құжат болып сана­лады.



Газада соғыс қылмысы жасалып жатыр ма?


Бұның нақты шешімін, әрине, халықаралық сот шығарады. Дегенмен, көз алдағы көрініп тұрған фактілер Израильді де, ХАМАС ұйымын да соғыс қылмысынан ақтап ала алмасы анық. Соғыс қылмысы, әскери қылмыс немесе халықаралық гумани­тарлық құқықты бұзу, геноцид, адамзатқа қарсы қылмыс... бұл ұғымдарға қатысты халықаралық қауымдастықтың өз анықта­масы бар. Соғыс кезінде жауласқан тараптарға ортақ сақтауға тиісті принциптер сонау 1949 жылы Женева келісімінде бекітіл­ген. Онда соғыс майданының өзінде медициналық қызметке кедергі келтірмеу, жаралылардың медициналық көмек алуға құқылы екені, соғыс тұтқындары жалпыға бірдей адам құқығы­на ие екенін, әрі жауласқан екі тарап әлеуметтік нысандарды, әскери емес нысандар мен қарапайым халықты қорғауға алуға міндетті екені белгіленген. Егер бұл принциптер бұзылған жағ­дайда олардың әрекеті соғыс қылмысы, әскери қылмыс ретінде бағаланады.



ХАМАС-тың радикалды мақсаты мен әрекеті Израильдің рақымсыз әрекеттерінің көлеңкесінде қалмасы және белгілі. Мәселе тараптардың күш тепе-теңдігінде болмауында. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мырзадан тартып, БҰҰ Адам құ­қықтары бойынша жоғары комиссия төрағасы Фолькер Тюрк секілді қауымдастық өкілдері Израильдің қатаң әскери әрекет­терін айыптаған болатын. Комиссия төрағасы өткен аптадағы мәлімдемесінде Газа халқының коллективті жазалануы, күштеп эвакуациялау әрекеттерінің өзі де әскери қылмыс қатарында бағаланатынын айтқан еді.



Қандай да бір қақтығыс кезінде қақтығысқан тараптар үшін халықты қорғау бірінші орында тұруы керек. Бұл Халықаралық қауымдастықта қабылданған гуманитарлық құқықтың негізі саналады. Егер Газада қос тарап бірдей бейкүнә халықтың зар­дап шегуімен санаспай, қақтығысты жалғастырып жатқан болса, онда екі тарап та бірдей халықаралық гуманитарлық құқықтың шегінен шығып кеткен болып саналмақ.



Ал егер қақтығыстар барысында этникалық құрамына қара­мастан көпшілік қауымды жаппай қыру, құл ретінде пайдалану, жыныстық зорлық көрсету, мекендерінен күштеп қудалау, қаті­гездікпен қинау жазаларын қолданудың барлығы адамзатқа қарсы қылмыс болып саналады. Халықаралық қауымдастықтың анықтамасына сай, бұндай әрекеттерге әдетте бір елдің өз ішін­дегі азаматтарына қарсы жасаған әрекеттері де жатқызылады.



Міне, егер Газадағы қақтығысқан тараптар осы әрекеттердің қай-қайсын бұзса да әлем қауымдастығына ортақ ережелерді бұзған болып саналмақ. Көбінше соғысушы тараптар әскери басымдыққа жету үшін бұндай ережелерді сақтап отыруды қа­ламайды. Нәтижесінде қандай деңгейдегі қақтығыс болмасын, бейкүнә халық көбірек зардап шегіп жатады. Соғыстарда әскери нысандардан бөлек мектеп, аурухана, ғибадат орындары да қи­ратылып жатады. Сондықтан ережелердің сақталуы үшін ха­лықаралық қауымдастықтың беделінің жоғары болуы бәрінен маңызды.



Соғыс қылмыскерлері жазаға тартыла ма?


Бір нәрсені білуге тиіспіз, тек палестиналықтар ғана емес, соғыстан зардап шеккен қарапайым израильдіктер де халықара­лық сотқа соғыс қылмысы бойынша шағымдануда. Иә, олар да соғыс қылмысынан, қарапайым азаматтарға жасалған қатігез шабуылдан жақындарын жоғалтты. Бірі баласынан, бірі анасы­нан, бірі аға-бауыр жақындарынан айырылды. Халықаралық құқық қорғаушылардың Израиль–ХАМАС қақтығысы бойын­ша пікірінше, бір тараптың қылмыстық әрекетінің ауыр не жеңілдігі, екінші тараптың жауапкершілігін көлеңкелей алмайды. Яғни ХАМАС-тың қатігез әрекеттерінің өз алдына жауапкершілігі болатыны секілді, егер әскери қылмыс жасаса, Израильдің де дербес жауапкершілігі бар. Алайда, осы жауап­кершіліктерді сұрайтын, әділеттілікті талап ететін қандай құ­зырлы орын болуы мүмкін?


Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымның құрамындағы Халықара­лық сот бар. Ол 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мемле­кеттердің сот жүйесі шеше алмаған жағдайда жүгінуге болатын соңғы сот деуге болады. Бірақ оның құзіреті жалпы әлемдік деңгейде деп айту қиын...



Тоқетерін айтар болсақ, халықаралық қауымдастықтың не­месе халықаралық соттың шешімдерін, қаулысын атқаратын ресми пәрменді орган жоқ. Бұл арада тағы да халықаралық қауымдастық беделінің маңыздылығы айқын көрінеді. Енді бір жағынан қазіргі арпалысқан әлем осы халықаралық ережелерді жаңартуға бағытталған. Болашақ жаңа әлемдік қатынастар қазіргіден ілгері, әлде кейін болатыны қазіргі кездегі ірі ойын­шылардың әрекетіне тәуелді болып отыр. Мүмкін екі реткі жаһан соғысынан кейін өмірге Халықаралық қауымдастықтың келгені секілді, қазіргі терең дағдарыстардан кейін түбегейлі алға ілгерілеу болар ма?..



Әлемдік әділеттілікті жүзеге асырып, қорғансыз шағын елдердің, ең қауқарсыз ұлттардың да құқығын қорғай алатын ке­мелді халықаралық ұйым қалыптаса ма – адамзат міне, осындай дағдарысты кезеңде тұр...


«Аlmaty-akshamy», №136, 14 қараша, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:54

17:50

16:40

16:12

15:42

15:30

14:52

14:10

13:26

13:13

12:59

12:46

12:07

11:55

11:30

11:03

10:40

18:41

18:39

18:31

18:10

16:06

15:46

14:37

14:12