Итпен серуендеудің де әдебі бар

Итпен серуендеудің де әдебі бар Сурет: Тowardsdatascience.com

Ит ұстайтындардың қаперінде жүруі тиіс ережелер бар. Мысалы, кез келген итпен серуендеген кезде қарғыбау тағу міндетті.


Ережені бұзғаны анықталған жағдайда жануар иесі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексінің 311-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады және 3–10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Мектепке дейінгі мекемелер және мектептердің, емдеу мекемелерінің аумағы мен тыйым белгілері қойылған жерлерде итпен қыдыруға тыйым салынады. Ал арнайы жерлерге серуенге шыққанда, иелері өздерімен бірге  олардың нәжістерін жинап алатын арнаулы құралдарды ала жүруі тиіс. Себебі, тұрғындар осы мәселеге қатысты көп шағымданады.


Олардың айтуынша, иттер қанша қолға үйретілген болса да қоршаған ортаны ластап, жүріп-тұруларына ыңғайсыздық  тудыруда.  Кейде аулада қожайындары оларды бей-берекет жіберіп қояды. Төртаяқтыларды қоғамдық көліктерде тасымалдау көліктің артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алмайтын жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттердің декоративті түрлерін және мысықтарды сөмкеде, арнайы торларда, контейнерде немесе қолда алып тасымалдауға болады. Көше қиылыстары мен магистральды жолдардан өткен кезде иттің иесі жол-көлік оқиғаларын және итті көліктің басып кетпеуін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстағаны дұрыс.


 


Мәселе шешіліп келеді


Бұл мәселе қала басшылығының да назарында. Жақында  «Ақшам» арқылы айтамыз» айдары арқылы бір ауланың мәселесі шешілді. «Мамыр-4» ықшамауданының тұрғындары: «Аулада бульдог, ротвейлер, доберман сияқты иттерді жиі байқаймыз. Тұмылдырықсыз жүргені былай тұрсын, кейбірі тіпті бос жіберіп қояды. Ең қорқыныштысы да сол. Аулада балалар көп. Қанша қолға үйретілген ит болса да, әрбір ана бала үшін уайымдайтыны анық. Мұндай жағдайда қайда қайырылуға болады? Тәртіпті кімдер және қалай талап етуге болады?» деп шағымданған болатын. Газетіміздің тілшілері тиісті мекемелерге хабарласып, мәселенің шешілу жолын іздестірді. Нәтижесінде аулаға арнайы «Итпен серуендеуге болмайды» деген белгі қойылып, тұрғындарға жалпылама ескерту жасалды. Аула тұрғындары дән риза. Расымен, егер халық өз жайлылығы үшін тәртіпті талап ете білсе, көп мәселе оңай шешілмек.


 


Елена ФЕДОРОВА, қала тұрғыны:


-  Ит пен мысық асырайтындар оларды баласындай күтіп-баптап, уақытын бөліп арнайы қыдыртып жатады. Кейде сол жануарлардың иесіне «өтіп кетейін, итіңізді әрірек ұстай тұрыңызшы», «итіңіз баламды тістеп алмай ма?» десеңіз, кәдімгідей ренжіп қалатындар бар. «Достарына» сөз де, сөгіс те жуытқылары келмейді. Иттің аты ит қой, оның зияны тимеген күннің өзінде серуен кезінде өте абай болу керек. Тіпті, қожайыны оны күнде жуындыратынын айтып ақталса да, итте иесі біле бермейтін аурулар болуы мүмкін. Мен сол байқалмай жұғатын аурулардан қауіптенемін.


Маман пікірі:


Қуантар ӘЛИХАНОВ, ветеринар,


Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры:


 



  • Жалпы, үй жануарларының барлығына 3 айлық мерзімнен бастап міндетті түрде құтыру ауруына қарсы екпе жасалуы міндетті. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Білсе де назар аудара қоймайтындар бар. Әрі иелері иттерді  тері паразиттері мен гельминттерінен қорғау үшін профилактикалық  өңдеу жүргізіп отыруы тиіс. Мұндай тексерістің барлығы ит иесінің жауапкершілігінде. Сондықтан үй жануарларын уақытылы ветеринарлық орталықтарға апарып, тұрақты түрде тексерістен өткізіп отыру жануар үшін де, адамдар үшін де тиімді болмақ. Өйткені, ол кейбір қауіпті аурулардың алдын алады. Өз бетінше тұрғын үйді  питомниктер мен панажайларға айналдыруға жол жоқ.


 


Шет елде итпен қалай серуендейді?



  • Финляндияда итпен серуендеу мәселесі кезең бойынша шешілген. Оларда 2003 жылы иттерге арнайы орындардан басқа жерге кіруге тыйым салатын заң қабылданған. Кейіннен итпен серуендеуге арналған саябақтар салу бағдарламасы жасалды. Арнайы орындардың саны бір Хельсинкидің өзінде жүзден асып жығылады. Ол жерде күніне 200-ге жуық үй жануарлары серуендейді. Жалпы ауданы 4 гектарды құрайтын саябаққа кіру тегін, ешқандай шектеулер жоқ.


 



  • Жаңа Зеландияда үй жануарларын елге әкелудің қатаң ережелері бар. Әрі мұнда иттерді қоғамдық көлікте тасымалдауға мүлдем рұқсат жоқ. Тек арнайы иттердің саябағында ғана тұмылдырығын шешіп, бос жіберуге болады. Саябақ таңғы 7-ден кешке дейін ашық, балалар аумаққа тек ата-аналардың бақылауымен жіберіледі.


 



  • Нью-Йоркте ондаған ит саябақтары бар. Оның ішіндегі ең алғашқысы Томпкинса алаңындағы Dog Run саябағы. Ит өсірушілердің ақшасымен жүзеге асырылған жоба бүгінде жерасты жүйесі бар үлкен және кішкентай иттерге арналған бөлек аймақтан, үш ит бассейнінен, иелеріне арналған орындықтардан тұрады. Мұнда үй жануарларына арналған әртүрлі іс-шаралар өткізіледі.


 



  • Ал Дубайда әлемдегі ең үлкен жабық иттер саябағы бар. Халықаралық деңгейдегі саябақ үй жануарларын серуендетуге арналған алаң ғана емес, сонымен қатар өмір сүру мүмкіндігі, қызмет көрсету, ашық бассейн, спа және басқа да иттердің жайлылығы қарастырылған орын. Тіпті мұнда ит жаттықтырумен айналысып жатқанда, иесі веб-камера арқылы процесті бақылауға болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:41

18:39

18:31

18:10

16:06

15:46

14:37

14:12

12:22

12:05

09:32

12:48

12:02

11:37

11:12

10:45

10:12

09:36

09:30

09:02

08:53

07:41

06:19

05:37

05:14