Жемісті жуып жеңіз

Жемісті жуып жеңіз Сурет: ашық дереккөз

Жаз айларында тұрғындар арасында бақша дақылдары, жеміс-жидек түрлерінен улану жағдайы жиі кездесіп қалады. Мұндай сәттерде қандай қауіпсіздік шараларына назар аударғанымыз дұрыс. Көпшілік ондай сақтық шараларына көңіл бөле бермейді. 


Бақша өнімдерін пайдалану барысында қандай талаптарды сақтауға қажет?


Бақша дақылдары пестицидтермен өңделген болса, бойына нитратты жинауға бейім болады. Азаматтар құрамында осы заттары көп қарбызды жесе уланып қалуы жағдайы кездеседі. Әдетте, оның белгілері 4-6 сағаттан кейін байқалады. Егер нитраттармен уланған кезде ешқандай шара қолданылмаса, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіру қаупі бар. Улану белгісі ретінде жүректің айнуы, диарея, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, буындардың әлсіреуі және ауыруын айтуға болады. Алғашқы белгілері білінісімен дәрігерге жүгіну қажет.


Дәрігерлер келгенге дейін науқас энтеросорбенттерді (мысалы, белсендірілген көмір) қабылдап, көп мөлшерде су ішуі керек. Сондай-ақ, тыныштықты қамтамасыз етіп, оның жағдайын бақылаған дұрыс. Егер улану белгісі жүкті әйелдерде, қарттарда немесе 12 жасқа дейінгі балаларда байқалса, бірден жедел жәрдем шақырған дұрыс.


 Қарбызды қайдан және қашан сатып алған жөн?


Тұрғындар өзін ішек инфекциясынан қорғау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау керек. Ашық базарлардан бақша дақылдарын және жеміс-жидек сатып алудың қажеті жоқ. Бақша дақылдарын сату үшін бөлінген орын қоршалып, күн мен жаңбырдан сенімді қорғалуы тиіс. Сату нүктесі шатыр астында болуы керек. Сондай-ақ, жол бойында жеміс-жидектер, қауын-қарбыз сатып алмаған жөн. Өйткені, бақшадан жиналғаннан кейін қарбыз жол бойында сатылса көліктерден бөлінетін газдарда кездесетін ауыр металдарды бойына тез жинайды.


 Қарбыздан уланудың белгілері қандай?


Қарбыздан улану әдеттегі тамақтан улану белгілеріне ұқсас келеді. Егер улану химиялық заттардың болуына байланысты тіркелсе, өнім нитратты болып шықса, белгілер 2-3 сағаттан кейін біліне бастайды. Іштің ауыруы жиілейді. Инфекция тез таралып, аз уақыттан кейін іш өтіп, адам құса бастайды. Науқастың жағдайы нашарлайды. Әлсіздік пайда болып, қалтырап, (әдетте балаларда) дене қызуы көтеріледі. Жұқпалы ішек инфекциясы кезінде белгілер 5-6 сағаттан кейін пайда болады. Жағдай нитраттармен уланғандағыдай қауіпті болмайды. Уланудың бұл түрі балаларда ауыр өтеді.


 Уланып қалмаудың алдын алу үшін қандай талаптарға назар аударған дұрыс?


Атап айтсақ, қолданар алдында қарбызды жақсылап жуу, суық суға жарты сағатқа салып қою қажет. Тағы бір айтатын нәрсе, қарбыздың қабығының жанындағы мәйегін жеуге болмайды. Өйткені, онда нитраттар ең көп мөлшерде жиналады. Оған қоса сатып алып жатқан кезде шақпақ салуға болмайды. Қарбыз жерде өседі, сатылатын жерге дұрыс тасымалданбайды. Дамушы микроағзалар кесілген жерге түседі. Сатушылар мен сатып алушылардың қолдарының жуылмауы улану қаупін арттырады.


Қарбыздың құрамында нитрат бар-жоғын тексеру керек. Ол үшін оны жеудің алдында мәйегінен кесіп алып, бір стақан суға салып қою керек. Егер су лайланудың орнына қызғылт түске айналса, онда оның құрамында нитраттардың көп екенін білдіреді.


Жеміс сатып алғанда, қабығының бүтіндігіне назар аударуды ұсынамыз. Қарбыз немесе қауын сатып алғанда қабығының жарықсыз, сызатсыз және майыспай бүтін болуына назар аудару керек. Жемістерді тасымалдау кезінде жиі лақтырады. Қабығының жарығы арқылы бактериялар ішіне кіріп кетуі мүмкін. Ал майысқан жерлері көбінесе қарбыздың мәйегінің қышқылдануына әкеледі. Кесілген жидектерді сатып алуға болмайды, қарбыздың сыртындағы лас пышақпен кескен кезде мәйегіне оңай түседі.


Жемісті кесер алдында жидектің сыртындағы кірдің мәйекке түсіп кетпеуі үшін щеткамен ағып тұрған судың астында жақсылап жуу керек. Жидекті келесі күнге қалдырмай бірден жеп қойған жөн. Өйткені, шырынды мәйегіндегі қанттың көп болуы оны бактериялар үшін құнарлы ортаға айналдырады. Егер қарбыз немесе қауын желінбей қалса, кесілген жерді тағамға арналған үлдірмен жауып, тоңазытқышқа шикі азық-түліктен (жұмыртқа және шикі еттен) бөлек қою керек.


Жемістің мәйегін қабығына дейін жемеген дұрыс, қарбыздағы нитраттар біркелкі бөлінбейді, олар қабығы мен жеміс сабағаны көбірек жақын болады. Сондықтан балаларға жемістің ортасындағы мәйегін берген дұрыс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет