Рақмет сізге, таза қала үшін!

Рақмет сізге, таза қала үшін! almaty-akshamy.kz

Немесе берекені көктен емес, еткен еңбектен тіле.


 Әркім өз үйін, ауласын таза ұстайды. Отбасынан ұзап сыртқа, көшеге, дүкенге, мектепке, жұмысқа шыққанда да, айналамыз тап-таза болып жатады. Ал сонда осыншама үлкен Алматыны кімдер тазалайды? Бүгін сол туралы айтамыз.


Шаһарда «Алматы тазалық» деп аталатын іргелі мекеме бар. Оның да ала таңнан басталатын қайнаған өмірі, өз тыныс-тіршілігі бар. Кәсіпорынға 727 техника тиесілі. 1728 жұмыскер еңбек етіп жүр. Олар жылдың төрт мезгілінде де әрдайым сапта тұрады. Яғни Алматының біраз бөлігінің тазалығына осы қала әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жауапты.


Ондағы еңбеккерлер көбімізге қарағанда жылы төсегінен тым ерте, таң атпастан тұрады. Ұйықтап жатқан балаларының, немерелерінің бетінен сүйіп, таң қараңғылығында жұмысты бетке алады. Олар, әсіресе, қалың қар жауған күні, біз әлі де шырт ұйқыда жатқан сәтте, жүздерін аяз қарып, қар күреп, айналаны аршып жүреді. Иә, олар баршамыздың саябақ, скверлерде таза ауа жұтып, таза жерді басып, таза тротуармен жүріп, автобусқа таза аялдамадан отырып, күніміздің жақсы басталуы үшін де еңбек етеді.


Олар ауыр техникаларды тізгіндейді, контейнерлерді көтереді, сүйрейді. Қолдарынан күрек, сыпыртқы түспейді. Мұндай жұмыстарға қарулы қолдар және төзімді һәм сабырлы адамдар ғана шыдайды. Ал араларында әйел-аналар да аз емес. Олар – нағыз еңбек адамдары!


Қыс кезінде қалың жауған қарды күреу, жаяу жүргіншілер жолын тазалау, мұз ою, тайғақ жерге тұз, құм себу, ал күзде төгіліп түсетін сарыала жапырақтарды әлсін-әлісн сыпырып алу, жаз мезгілінде, шіліңгір шілдеде күнге қақтала жүріп арықтарды, аялдамаларды тазалау – үлкен жұмыс. Оның қаншалықты ауырлығын көше тазалығына жауапты еңбек адамдары өте жақсы біледі.


– Біздің «Алматы тазалық» мекемесінде тек жауапты, өз ісіне құрметпейтін қарайтын жандар жұмыс істейді деп білемін. Олар жылдың төрт мезгілінде де, «дауылдарға да, жауындарға» қарамастан, үнемі ат үстінде жүреді. Біздің әр күніміз жоспарланған. Сондықтан жұмыстың бәрі өз жүйесін тапқан, – дейді «Алматы тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Әділет Тоқтасынов.


 


Дина МҰНАРБАЕВА: Жұмыстан кейін немерелеріме асығамын



Сағат таңғы 5-те тұрамын. Себебі, қалаға сонау Шамалған бекетінен көліктер кептелісіне қалып қоймай, ертерек жетуім керек. Сосын бәрімізді жұмыс орнымызға арнайы көлікпен әкеліп салады. Бізге бөлінген учаске - әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай «Таулы қырат» ықшамауданына дейінгі аралық. Күнде әдемі таулардың етегінде, таза ауада жүреміз.


Көше тазалығын сақтау – біз үшін үлкен жауапкершілік. Жылдың төрт мезгілінің өз қиындығы бар. Жұмыстың оңайы жоқ десек те, шын көңіліңмен істеген кез келген істен береке табуға болады деп ойлаймын. Осы жұмыста жүргеніме төрт-бес жылдың жүзі болыпты, үйреніп те қалдым. Бұл, бір жағынан, бізге денені шынықтыру рөлін атқарады, үнемі қимыл-қозғалыс үстінде жүреміз. Денсаулыққа пайдалы. Тоңсақ, шайымызды ішіп, бой жылытып аламыз. Үзіліс арасында бір-бірімізбен шүйіркелесе әңгімелесіп, арасында әзіл-қалжыңға да ерік береміз.


Иә, кейде көз алдымызда қазір ғана сыпырып, тазалаған жеріңе біреу темекіден босаған қорабын лақтырып кете барғанда, қынжылып қалатынымыз бар. Кейде «көз алдыңызда тұрған қоқыс жәшігіне салсаңыз қайтер еді» деп ескертеміз. Істеген ісіне ұялып, кешірім сұрайтындар да жоқ емес.


Ал кешке отбасыңа қалжырап оралғанда, алдыңнан немерелерің томпаңдап жүгіріп шыққанда, күні бойғы шаршағаның ұмытылып кетеді.


 


Раиса КИІКБАЕВА: Адал еңбектің наны тәтті



 


Біз Қазыбек би көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі аралықты тазалаймыз. Алматы іргесіндегі Еңбекшіқазақ ауданынан келіп істеп жүрмін. Сондықтан үлгеру үшін сағат таңғы 5-те тұрамын. Сағат 8-де жұмысқа кірісіп кетеміз. Тапсырылған жұмысымызды тыңғылықты атқарамыз. 11 жыл болыпты көше тазалаушы болып жүргеніме. Рас, алғашқы кезде қысылатынмын, «таныстар кездесіп қалмаса екен» деп, бетімді бетпердемен, орамалмен бүркеп алатынмын. Кейін «жасырынатындай мен ұрлық жасап жүрмін бе, біреуді алдап жүрмін де, нанымды адал тауып, отбасымды ақ адал еңбегіммен асырап жүрген жанмын ғой» деп ойладым. Тіпті, алғашқы кездері балаларымды жұмыс орныма ертіп келетінмін, аналарының қайда істеп жүргенін көрсін, еңбектің, тазалықтың қадірін білсін деп. Оларға жұмыстың үлкен-кішісі болмайтынын, қандай жұмыс істесең де қолға жұқпайтынын, тек адал еңбектің ғана наны тәтті болатынын түсіндіргім келді. Шүкір, балаларым жақсы болып өсті.


Отағасым - гидротехник. Осы қарапайым жұмысым бар, күйеуімнің табысы бар дегендей, сөйтіп, қызымызды ұзатып, ұлды үйлендірдік. Жалақымыз ешқашан кешіктірілмейді. Бастысы сол ғой. Екі бригада істейміз. Ерлер жағы түнде, техникамен келіп істеп кетеді. Біз әйелдер ертеңіне күндіз қолмен атқарылатын жұмыстарды тындырамыз.


 


Асқар ЖҰМАНИЯЗОВ: Өзімдікі, өзгенікі деп бөлмеймін



 Шынымды айтсам, осы жұмысқа келгенімде, басымда банк несиесі болған. Мемлекеттің осылай бізге жасап отырған мүмкіндігін, бізді қоғамдық жұмыстарға тартып, «екі қолға бір күрек» тауып беріп отырғанын атап өткім келеді. «Жаман, жаман» дей берсең, біреу жақсысын әкеліп бере ме, масылдық пиғылдан арылу керек. Істеймін деген адамға жұмыс табылады, тек ниет керек. Қазір несиемнен құтылдым. Осы көше тазалап жүріп-ақ өтедім. Енді алдағы жылы ұлымды үйлендірсем деймін.


Шыны керек, қоғам болғасын, түрлі адам бар дегендей. Кейде көшеде бізге, көше сыпырушыларға шекесінен қарап өтетіндер бар. Алғашында қабылдай алмай, қиналыңқырап қалатынмын. Ал қазір үйрендім, себебі ондай көзқарас сол «мен биікпін» деген адамның шын мәнінде төмендігін көрсетіп тұрғанын түйсіндім. Еңбегің адал ма, одан еш ұялмау керек. Өзім де үйдің, ауламның, айналамның жинақы, таза тұрғанын жақсы көретін адам едім. Сондықтан даланың, қоғамның, мемлекеттің жұмысын да өзгенікі демеймін, өзімдікіндей атқарамын. Ал жақсы ортаны, қоғамды жасайтын мына әрқайсымыз. Адал еңбегіме қарай табысымды да уақытында алып отырмын. Өмірлік ұстанымдарымның бірі – «Жұртқа зияным емес, пайдам тисін!».


 P.S. Міне, алып Алматының тазалығына жауапты жандармен болған аз-кем сұхбатымыз осылай өрілді. Ал егер сіз көшеде келе жатып, алдыңыздан қызғылт сары жилет киген еңбек адамының жолыңыздағы қарды күреп немесе аяғыңыздың астын, аялдаманың жан-жағын тазалап жүргенін көрсеңіз, «Рақмет сізге!» деп айтуды ұмытпаңызшы. Олар ілтипатыңызға сөзсіз лайықты.


"Аlmaty-akshamy"  №152 (6287) 22 желтоқсан, 2022 жыл


 


    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:41

20:11

19:52

19:32

18:49

18:13

18:02

17:54

17:40

17:20

17:14

17:01

16:30

16:25

16:18

16:16

16:10

15:53

15:42

15:28

15:20

15:17

15:16

15:15

15:12