Мәңгілік елдің тұғырлы болуы – сапада!

Мәңгілік елдің тұғырлы болуы – сапада! phonoteka.org

«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» - деген тәмсіл менің санама ең бірінші «сапа» сөзін алып келеді. Сапалы бесік – сапалы ұрпақ – сапалы жұрт.


Америка Құрама Штаттарында «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алып жүріп, Пенсильвания қаласының орталық көшесінің бірінде жаяу жүргіншілер жүретін жолға төселген тасқа қашап жасылған жазуды оқығанда, санама тың серпіліс келді. «Бұл тас 1798 жылы төселген» деп қашап жазылған еді. Қасымдағы досым екеуіміздің елдіктің әңгімесін тарқатып келе жатып, «Мәңгілік ел» дегенің мынау ғой деп жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Біз жүрген жыл 2014 еді, ал біз басып өткен жол әлі 200 жыл қызмет көрсете алатын сияқты көрінді. Мәңгілік елдің мәңгілік жолы ма дерсің!?


«Мәңгілік» сөзінің өзі сапалы сөз емес пе!?



Қытайлықтар өздерін «Аспан асты елі», жапондықтар «Күн шығыс елі», кәрістер өздерін «Таңғы шық елі» деп дәріптейді және атауларының астарына терең рухани ұлттық идеология сыйдырған. Ұрпақ тәрбиелеуде, ұлтты ұйыстыруда осы идея аясында жұмыс жасайды. Біздің елдің өзіне «Мәңгілік ел» атауын телуі тамаша парасатты шешім. Бірақ осы дүниені кім қалай түсініп, кім қалай қолданып жүр өзі? «Мәңгілік ел» жалаң ұран мен, жеңіл саясатқа пайдаланылып кеткен жоқ па? Әрине, алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Басқаны қайдам, мен «мәңгілік елді» «сапа» деп ұқтым санамда.



Елестетіңізші, барлық отандасымыз, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, өзімізге қатысты кез келген дүниені сапалы атқарсақ, ел «мәңгілік» болмай ма? Сапалы бесік болсын, сол сапалы бесіктен өскен ұрпақта емін-еркін кіріп-шығатын сапалы есік болсын, ананың рухани жаны мен физикалық тәні сау болсын, атаның қайраты мен қаны таза болсын. Бастауың тұнық, керегең биік, шаңырағың тұғырлы болсын. Осының бәрі – сапа!



Ендеше не істемек керек? Әркім өз ісін сапалы атқарсын – болды. Мектептегі оқушыға «сен егер сапалы білім алсаң, «мәңгілік ел» идеясына өз үлесіңді қосасың, әрбір анаға мейірімге қанған барлық ұрпағың сапалы, ендеше сен де, ұлт үшін «мәңгілік ел» үшін қызмет атқарудасың, ғалымға сенің сапалы ғылымың «мәңгілік елді» тұғырлы етеді деп насихаттасақ  болмас па? Сонда әркімнің санасындағы «мен көптің бірімін «мәңгілік ел» көшбасшының атқаратын жұмысы, мен не бере аламын» деген ұғымы жоғалып, менің әрбір сапалы қимылым елеулі, елдің тұғыры, деген сана қалыптаспас па? Әрбір азамат өзін елдің жүгін көтеріп жүрмін деп сезініп, өз өміріне қосымша мән мен жауапкершілік таппас па екен?



Жол жасаушы "мен «мәңгілік ел» идеясы аясында жұмыс атқарудамын, мен төсеген жол өте сапалы және ұзақ уақыт қызмет атқаруы керек" деп ұқса, құрылысшы «мәңгілік ел» аясында салынған үй, жылы, берік, кең, ең бастысы сапалы" деп ұқса, ақын мен жазушы Мұқағалиша ойлап, «мен келер ұрпақтың құрдасымын, мүмкін одан арғылардың да» деп ұқса, тудырған дүниесін бір күндік қызыққа емес, мың күндік ойға негіздесе, ел мәңгілік болары хақ.


Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздіктің жеті тұғырын» белгілеп, әрбіріміз үшін маңызды құндылықтарды айшықтап берді. Олар: Тәуелсіздік; бірлік пен келісім; қасиетті жер; отбасы мен салт-дәстүр; ұлт мәдениеті; білім мен еңбек; прагматизм.


Мәңгілік ел тұғырлы болуы үшін осының әрқайсысы сапалы болуы шарт. Кез келген ұлтта, мемлекетте осы тұғырлар бар. Тек солардың сапалысы ғана «Мәңгілік ел» бола алады.



«Қазақстан» сөзі «Мәңгілік ел» сөзімен синонимге айналса, «Мәңгілік ел» сөзі «Сапа» сөзімен синонимге айналса, «Қазақстан» сөзі «Сапа» сөзімен синоним. Яғни «Made in Kazakhstan» деген ұғым сапалы өнім дегенді білдіреді. «Made in Kazakhstan» жазуы бар кез келген тауар «сапалы» деген тренд қалыптасады. Сапалы бесік – сапалы ұрпақ – сапалы жұрт!


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:06

15:46

14:37

14:12

12:22

12:05

09:32

12:48

12:02

11:37

11:12

10:45

10:12

09:36

09:30

09:02

08:53

07:41

06:19

05:37

05:14

04:35

15:15

15:02

14:12