Дүние жүзінде ашаршылық деңгейі қарқынды өсуде

Дүние жүзінде ашаршылық деңгейі қарқынды өсуде inbusiness.kz

Осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымы дүние жүзіндегі азық- түлік қауіпсіздігі мен тамақтанудың соңғы жағдайына қатысты өз есебін жария етті. Оның қорытындысы алаңдатарлық деңгейде. Себебі, соңғы жылдары аштыққа ұшырағандар саны жүз миллиондап артқан. Бұған пандемия, экономикалық дамудың тұралауы және соғыс секілді факторлар әсер еткен. Халықаралық қауымдастықтың бес бірдей мамандандырылған мекемесі ортақ есепті ұсына отырып, әлем елдерін мәселеге көңіл бөлуге шақырды. Өйтетіні, қауіпті тенденция қазіргі қарқынмен жалғасса, адамзаттың аштықты жою бағытында 2030 жылға белгілеген «нөлдік» мақсаты жүзеге аспай қалады. Ондай жағдайда адамзат қоғамының тұрақты дамуы үлкен кедергіге тап болады, тіпті дағдарысқа ұшырайды деген болжам бар.


783 миллион адам аштыққа ұшырауда


Үш күн бұрын жарияланған есепті БҰҰ- ның бес ірі мекемесі бірлесе дайындаған. Олар – Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO), Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қоры (IFAD), Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) қатарлылар.


Ескерте кетейік, халықаралық қауымдастықтың 2023 жылға арналған есебі, былтырғы, яғни 2022 жылғы нақты жағдайды көрсетеді. Соған сәйкес, 2019–2022 жылдар арасында ашаршылыққа ұшырағандар саны 122 миллион адамға көбейген. Яғни 2019 жылы 613 миллион адам аштықпен бетпе-бет келген деп есептелсе, былтырғы шама орташа диапазонмен санағанда 735 миллион адам. Үш жылдағы жоғары көрсеткіш 692–783 миллион аралығында (FAO-ның ресми сайтындағы деректер бойынша).


Бес ірі агенттіктің есебінен мынаны аңғаруға болады: жаһандық аштық деңгейі 2021 және 2022 жылдар арасында өсуін баяулатқан, бірақ жалпы жағдай мәз емес. Айталық, әлемде азық-түлік дағдарысы тереңдеп бара жатқан аймақтар кеңейген. Аймақтар бойынша қарастырғанда Азия мен Латын Америкасында аштық жағдайы бұрынғыдан жақсарды, алайда 2022 жылы Батыс Азияда, Кариб теңізі аймағында мәселе бұрынғыдан ауырлай түскен. Ал Африканың барлық субаймақтарында аштық әлі де өсу үстінде. Тұтас әлем бойынша Африка аштықтан ең көп зардап шеккен материк саналады. Ондағы аштық деңгейі дүниежүзілік орташа көрсеткіштен екі есе артық.


Сандар сөйлейді


* 2022 жылы – азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану жағдайы нашар деңгейде тұр. Яғни әлем халқының 29,6 пайызында сапалық азық-түлік тұтыну және азық-түлікке тұрақты қол жеткізу жағдайы төмен күйде. Бұл дегеніміз, 2,4 миллиард адам. Олардың ішінде 900 миллион адамның жағдайы мүлде қиын күйде.


* Дұрыс тамақтану және салауатты диетаға қол жеткізу деңгейі де көңіл көншітпейді. 2021 жылғы жағдайдан қарағанда әлемде


3,1 миллиардтан астам адам (әлем халқының 42 пайыз) дұрыс тамақтануды қамтамасыз ете алмады. Демек, 2019 жылғы саннан 134 миллионға өскен.


* Бес жасқа дейінгі миллиондаған балалар дұрыс тамақтанбаудан зардап шегуде. Айталық, 2022 жылы бес жасқа дейінгі 148 миллион баланың (22,3 пайыз) қалыпты өсу процесі бұзылған, 45 миллион бала (6,8 пайыз) арықтауға, әлсіздікке шалдыққан; 37 миллион (5,6 пайыз) артық салмақ жинаған.


Адамзат қоғамындағы регрестің белгілері


Аштық, соғыс және инфекция – адамзаттың мыңдаған жылдық тарихы, міне осы үш үлкен «жаумен» күрес үстінде құрылған. Өйткені, адамзат осы құбылыстардан зардап шегіп келді. Ерте заманғы дүниетанымда бұларды адамзатпен мәңгі бірге жасайтын, жаратушының арнайы жіберген сынағы ретінде қарастырған. Өз әлінше зерттеген әр дәуір ойшылдары оны жеңіп шығу мүмкін емес құбылыстар деп таныған кездері бар. Ал ғылым мен техниканың дамуына ілесе, адам санасындағы бұндай сірескен түсініктер сейіле бастады. Тіпті, әйгілі Юваль Харари өзінің «Болашақтың қысқаша тарихы» атты танымал еңбегінде «Адамзат XXI ғасырға аттаған тұста аталмыш үш үлкен жауды жеңіп шықты. Ендігі мақсаты – ұзақ жасау, бақытты болу, тәңіри сапаға ұмтылу» деген пайымын ұсынған еді.


Расында, ұдайы адам жанына қас және қоғам мен оның жетістігін күйретуші осы құбылыстарға қарсы адамзаттың күресі ауыл шаруашылығы, технология және медицина салаларының дамуына қозғаушы күш болды. Харари мысал еткендей, қазіргі қоғамда соғыста қаза табатындар санынан өзіне қол жұмсайтындардың саны, аштан өлетіндерге қарағанда артық тамақ жеуден пайда болатын аурулардан көз жұматындар саны көп делінеді. Ал түрлі қауіпті вирустардан, инфекциялардан өлетіндер санына қарағанда, қартайып көз жұматындар саны көбірек деп келтіреді. Статистикалық мәліметтерге сүйенген бұл пайымы расында оның көзқарасын растай түсетіндей. Алайда...


Өкінішке қарай, қазіргі әлемнің бет- бейнесіне қарап адамзат қоғамы әлі де осы күресте түбегейлі жеңіске ие болмағанын көреміз. Қысқа ғана бірнеше жылда пандемия, соғыс және экономикалық тұралау қатарласа соққы берді. Жаһан тағдырын талқылауы тиіс қазіргі дамыған қоғамда адам баласының қайтадан қаруға жүгінуі өркениет жетістіктерін мазақ еткендей сезіледі. Бұл ойды осыдан бір ғасыр бұрын Эрих Мария Рэмарк қынжыла отырып айтқан жоқ па еді! Ал біз осы мәселелерге қайта тап келіп отырғанымыз регрестің белгісі саналатындай.


«Үміт нұры бар, кейбір аймақтар 2030 жылға дейінгі азық-түлік қауіпсіздігі бойынша мақсаттарға жету жолында бара жатыр. Бірақ тұтастай алғанда, бізге тұрақты даму мақсаттарын құтқару үшін дереу арада жаһандық күш біріктіру қажет», – депті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Нью-Йоркте жоғарыдағы есепті жариялау кезінде. Демек, бұл әлем үшін де, біздің ел үшін де көңіл бөлер мәселе.




«Аlmaty-akshamу», №84, 15 шілде, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:17

13:14

13:09

13:02

12:51

12:35

12:17

12:11

12:07

11:49

11:40

11:25

11:24

10:57

10:49

10:44

09:43

09:26

09:18

08:50

08:21

21:06

20:37

20:24

20:06