Дәрігерлер ұстазы

Дәрігерлер ұстазы

жастарға үлгі етуге әбден лайықты


Ғұлама ғалым Авиценна: «Дәрігерде сұңқардың көзіндей қырағылық, қыздың қолындай ептілік, жыланның даналығындай ақыл және арыстанның жүрегіндей батылдық болуы керек» деген екен. Дегенмен, кез келген адам тумысынан жақсы маман болмайды. Кәсібиліктің шыңына ең алдымен өзі таңдаған мамандыққа деген махаббаты зор жандар мен жақсы ұстазға шәкірт болу бақыты бұйырғандар шығады.


Асан Қаныбекұлы – жарты ғасырдан бері болашақ дәрігерлерге дәріс оқып, мамандықтың қыр-сырын бірнеше буынға сіңіріп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ардагер-ұстаз әлі де өз білімі мен білігін, өмірден түйгенін шәкірттеріне үйретіп келеді. Ол болашақ дәрігерлерге осы бір күрделі мамандықтың иесі болу үшін жай ғана оқу, мамандықты игеру аздық ететінін түсіндіріп, дәрігердің бойында қандай қасиеттер болу керектігін сөзімен де, ісімен де көрсетуден жалықпайды. Өйткені, ол бір кездері өзі де студент болды, жас дәрігер атанды. Кемеліне келіп, ұстаздыққа жеткенше дәрігерлік мамандықтың ыстығын да, суығын да көрді.


Жастайынан дәрігер болуды армандаған Асан Қаныбекұлы сонау 1962 жылы Семей медициналық институтына түседі. Кеңес заманында оқу орындарының барлығы дерлік орыс тілінде білім беретін еді. Ауылдың қарапайым баласы алғашында медицина саласына қатысты күрделі сөздіктерді түсінбей қиналғанын да жасырмайды. Мамандығына деген сүйіспеншіліктің, табандылығының арқасында ол 1968 жылы институтты тәмамдап, нағыз маман атанды. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін жас маман сол кездегі Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы аудандық ауруханада хирург болып жұмыс істеді. 1972–1978 жылдар аралығында Алматыдағы қалалық онкодиспансерде және облыстық аурухананың онкологиялық бөлімшесінде онкохирург болып еңбек етті. 1979 жылдан 1990 жылға дейін Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары, Мыңбаев атындағы учаскелік ауруханада бас дәрігер қызметін атқарды. 1990 жылдан бері білікті маман С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетте болашақ дәрігерлерге дәріс береді, ол Хирургия кафедрасы мен Мейірбике ісі кафедрасында ұстаздық етіп келеді. Медицина ғылымының кандидаты, доцент Асан Қаныбекұлы өз саласы бойынша марапаттарға да кенде емес. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР Денсаулық министрінің Алғыс хатының иегері, Алматы Кәсіподақтарының құрметті қайраткері, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қола, күміс, алтын медалінің иегері ардагер-ұстаз ізгілік жолындағы игі ісімен жас ұрпаққа үлгі.


Медицина ғылымының негізін қалаушы Гиппократ: «Мен қандай науқастың үйіне кірсем де, оның жағдайын жеңілдету үшін кіремін» деген өсиет қалдырған. Асан аға сонау көне ғасырлардан бүгінге дейін жеткен ғұламалардың түрлі өсиеттерін өзінің «Дәрігердің ой-толғаулары» деген кітабында талдап, медицинаны өмірлік кәсібі ретінде таңдаған адамға қажетті қасиеттер туралы тарқатып жазған. Автор бір сөзінде: «Әрқашан науқасты мұқият тыңдаңыз, егер сұрақ қойса, тиянақты түрде жауап беріңіз. Өз ойларыңызды қарапайым, анық, қысқа, ғылыми сөздіктерді қолданбай жеткізуге тырысыңыз, науқастың сөзін бөлмей, сыпайылық танытыңыз» деп болашақ дәрігерлерге құнды кеңесін береді.


 


Тақырыпқа орай


Асан ҚАНЫБЕКҰЛЫ,  ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі:


ДӘРІГЕР ДЕ АУЫРАДЫ


Ақ халатты абзал жан – бұл барлық уақытта үлкен құрметке ие болуға тиісті мамандық, себебі оның күнделікті жұмысы науқастың азабын жеңілдетуге немесе олардың өмірі қыл үстінде тұрғанда сақтап қалуға бағытталған қызмет. Баласағұнидың «Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды» дейтін сөзі бар ғой. Данышпан айтпақшы, өзім де осы жылдың көктемінде қатты науқастанып, Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету аурханасының дәрігерлеріне қаралуға мәжбүр болдым. Науқастарды қабылдау бөлімінің терапевт дәрігері мені шұғыл түрде қабылдап, шағымдарымды зейін қойып тыңдап, тексеріп, ЭКГ жасатып, алғашқы дәрігерлік көмекті көрсетті. Кейіннен емді жалғастыру үшін Алматы қалалық кардиология ауруханасына бардым.


Қалалық кардиология ауруханасының науқастар қабылдау бөліміндегі білікті, кардиолог дәрігерлер маған толық көлемде тексеріс және мамандандырылған көлемде медициналық көмек көрсетті. Менің шәкіртім, емдеуші дәрігерім, өте инабатты абзал жан Назира Ізтілеуқызы бар ынтасымен көңіл бөліп, жүрегіме коронография жасатты. Кардио-хирург Айжан Нұржанқызы тексерістен кейін, жүректің екі тамырының өзегі тарылып қалғандығын, жедел түрде бір тамырға, сегіз ай өткеннен кейін екінші тамырға стент қоймаса болмайтынын ескертті. Кейін операция жасауға келісімімді бердім.


Ота сәтті өтті. Бөлімшенің медицина қызметкерлерінің (мейірбикелер, кіші мейірбикелер), әсіресе емдеуші дәрігерім Назира Ізтілеуқызы мен бөлімше меңгерушісі Гаухар Қайратқызының елеулі еңбегінің арқасында ауруымнан құлан-таза жазылып шықтым. Дегенмен де, қазақта «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген сөз бар. Содан бір аптадан кейін жүрегімнің ұстамасы ұстап, қайтадан сол аурухананың аритмиология бөлімшесіне түстім. Сондағы аритмиология бөлімшесінің дәрігерлері кардиохирург Елжан Мұхтарұлына, бөлімше меңгерушісі Бегжан Арленұлына ерекше алғысымды білдіремін. Сол күннің ертеңіне менің бұрынғы шәкіртім, қазіргі кезде білікті кардиохирург Елжан Мұхтарұлы және анестезиолог-реаниматолог Венере Ильшатқызы маған кардиостимулятор аппаратын қойып берді. Сол уақыттан бері жүрек ұстамасын ұмытқаныма біршама уақыт болды.


Менің ойымша, ауруханаға түскен науқастардың сауығып кетуіне мүмкіндігінше барлық жағдайлардың жасалуына және науқастың жүрек ауруын «жүрекпен және сүйіспеншілікпен» емдеу қажеттілігінің қалыптасуына Қалалық кардиология ауруханасының директоры, профессор Алмат Тұрысбекұлының еңбегінің зор екендігін айта кеткім келеді. Алмат – өзімнің үздік шәкірттерімнің бірі. Бүгінде шәкірттерім Қазақстанның түкпір-түкпірінде, атап айтатын болсам, Қызылорда облысының денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласының және аудандық ауруханалары мен емханаларда бас дәрігер, институт директоры, кафедра меңгерушісі, көптеген шәкірттерім еліміздің кез келген аймақтарында білікті хирург қызметтерін атқарып жүр. Білімді, білікті шәкірттері бар мен өте бақытты ұстазбын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:41

20:11

19:52

19:32

18:49

18:13

18:02

17:54

17:40

17:20

17:14

17:01

16:30

16:25

16:18

16:16

16:10

15:53

15:42

15:28

15:20

15:17

15:16

15:15

15:12