«Армандар орындалатын мекен»

«Армандар орындалатын мекен» Сурет: Қ.Жүнісбековтың жеке мұрағатынан

«Жайдарман жаққан жаңа жұлдыздар»


Әзіл, қағытпа қалжың мен күлдіру жарысы. Жайдарман сүйер қауым үшін балаларға арналған биылғы маусымашар мерекесі де мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.


Ел арасында «КВН» аталып кеткен бұл сайыс біраз жылдан бері «Жайдарман» деген атпен жақсы таныс. Биыл да жылдағы әдеттен жаңылмай жайдарманшылар елордадағы «Жастар сарайына» жиналды. Қаңтардың 29-ы  күні еліміздің әр өңірінен жиналған командалар тіркеуден өтіп, сол күні дайындап келген бағдарламаларын көрсетіп үлгерді. Бастапқыда фестивальге жүзден астам команда тіркеліп үлгерген. Дегенмен, Bala Jaidarman-2024 ұйымдастырушыларының мәліметінше, маусымашар фестиваліне  республика бойынша 83 команда жиналған, олардың 65-і жасөспірімдер командасы болса, 18-і балалар құрамалары.


Сайыстың екінші кезеңінің талабы бойынша, Jaidarman редакторлары жан-жақтан жиналған кіл мықты құрамалар арасынан 20-сын таңдап алды. Маусымашардың гала-концертіне қалған жиырмалықтан үздік деген 14 команда таңдалып, телевизиялық эфирге өтіп, дүйім жұрттың алдында тағы да өнер көрсетіп шықты.




«Жайдарман» жарысының биылғы ерекешелігі - ол балалар үшін өткізілді. Елдің әр өңірінен үміттерін арқалап келген балалар мен жасөспірімдер арасынан үздіктерін таңдау редакторлар үшін оңайға соқпады.



Жайдарманшылар жарысында жерлестер қатарында Алматы қаласы мен Алматы облысынан барған бірнеше команда бой көрсетті. Дегенмен, эфирге өткен құрамалардың бірі Алматы іргесінде орналасқан Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылынан шыққан «Күлкібастау» құрамасы болды. №13 жалпы білім беретін мектептің 3 «Ж»-сынып оқушыларынан құралған 5 бала әзіл жарысына қатысқан ең кіші командалардың бірі болды. Бұл – жаңадан құрылған «күлкібастаулық» балалардың республика деңгейіндегі «Жайдарманға» алғаш рет  баруы екен.



Оқушыларын әзіл жарысына тіркеп, жол көрсетіп, жөн сілтеген, үлкен сахнаға шығуларына жол көрсеткен өздерінің ұстаздары, сынып жетекшілері  - Ахметбекова Мақпал Мұстафақызы. Мұғалімнің сөзінше бала тәрбиесінде олардың жан-жақтылығын ашуда «Жайдарман» сынды сайыстардың берері мол.




«Оқушыларымның қалың көрермені бар сахна алдына шығып, өнер көрсетуінің өзі бір үлкен жетістік. Бір барғаннан жарқырап көрінгендері үшін өте қуаныштымын. Мақсатымыз балаларды жұлдыз етіп, сахнаға дайындау емес. Білім әрқашан бірінші орында. Бастысы - баланы жан-жақты етіп өсіріп, тәрбиелеу, оларды аша білу. Кез келген баланың тек өнер саласында емес, білім жолында да жетістікке жетуі үшін «мектеп-мұғалім- ата-ана» үштігінің ойлары бір жерден шықса, алар асулары биік болатыны сөзсіз...», - дейді Мақпал Мұстафақызы.



Бұл ретте М.Ахметбекова балалардың жан-жақты дамуына мектеп басшылығы тарапынан да әрқашан қолдау барына дән риза.



Бүгінде «Жайдарман» көрермендері мен оған қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен, «бұл жаста балалардың сахнаға ұмтылмай, сабақ оқығандары дұрыс» немесе «Жайдармарманға қатысамын деп сабақтары нашарлап» кете ме деп алаңдайтын ата-аналар мен осыған ұқсас сыни пікір айтатындар да табылады. Осы салада жүрген жас жайдарманшыларды әзірлеп, олардың жасына сай келетін, әрі қоғамдағы өзекті жайттарды  қатысушылардың әзілмен жеткізуіне оларды бағыттап отыратын тағы бір топ бар. Ол – командалардың әзілін, ойынын жазып, сахнаға дайындайтын жетекшілері. 


«Күлкісбастау» құрамасын   бастап барған Тұздыбастау ауылы №13 ЖББ мектептің мұғалімі Қанағат Жүнісбеков «Жайдарман» арқылы көп жетістіктерге жетіп, көптеген «мүмкіндіктер есігін» ашуға болады дейді.




«Жайдарман – жас жұлдыздарды жағатын, ашатын армандар орындалатын мекен. Көп ата-ана балаларын Жайдарманнан кейін сабақтары нашарлайды, «жұлдыз» боп кетеді деп ойлайды. Мен бұл оймен келіспеймін. Себебі Жайдарман сынды әзіл жарыстарының балалардың креативті ойлауына, өнерлі болуына, көпшілік алдында еркін сөйлеп, ашыла түсулеріне септігі мол», - дейді «Күлкібастау» құрамасының жетекшісі Қанағат Жүнісбеков.



Иә, жалпы Жайдарман командасы өз ұйымдастыратын фестивальді «Армандар орындалатын мекен» деген ұранмен (логомен) өткізетіні әзілсүйер қауымға жақсы таныс.




«Қазіргі кезде біз  - елдегі әр аймақ, әр ауылдағы жас жүректерге жетіп, ұйымдастырушы ортаға айналуға қадам бастық. Жайдарман заманауи креативті индустрияның жасампаз қозғалысына айналды. Сол себепті де биылғы жыл да Саналы маусым аталып, жастар қозғалысының 25 жылдығын айшықтап отыр», - дейді  Жайдарман қозғалысының көшбасшысы, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен.




Бүгінде отандық киноөндірушілер 100 кино түсірсе, оның 90-ы осы Жайдарманнан түлеп ұшқан жастар түсіреді немесе сценарийін жазады екен. Актер болып, телеарналардың эфирлерін жүргізеді. Бір кездері «Қазақша КТК» деп те аталған жайдарманшылардың қазақ тілін дамытудағы орны өзіне бөлек әңгіме. Қай жағынан алғанда да Жайдарманның жастар үшін берері мол алаң екенін уақыт өте келе дәлелденіп келеді. Қазақша КВН-нен бастаған кезіндегі жастар бүгінде алдыңғы қатар ағаларға айналды. Олардың есімдері бүгінгі таңда елге жақсы таныс. Отандық телеарналарда көріп жүрген белгілі актерлер, шоумендер, эфир жүргізушілерінің көбі алғашқы қадамдарын осы «Жайдарманнан» бастаған. Сыни  ойлай алатын креативті жастар қай заманда да керек. Сондықтан бұл салада  жастар әлі де талай белестерді бағындырып, жұлдыз боп жарқырайтыны анық.



Мектеп командалары үшін жақсы жаңалық, биыл жас құрамалар саны артты және келесі ойын Алматыда өтетін болды.


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:49

18:13

18:02

17:54

17:40

17:20

17:14

17:01

16:30

16:25

16:18

16:16

16:10

15:53

15:42

15:28

15:20

15:17

15:16

15:15

15:12

14:21

14:17

13:51

13:42