Әткеншектер әлегі

Әткеншектер әлегі artofit.org

Балалар қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс



Әткеншек ауыстырғанда үзіліс керек


М іне, жадыраған жаз да басталып кетті. Алматыдағы аттракцион жұмысы қызды. Француздың «қызығу» сөзінен тамыр тартатын, адреналинді арттыратын осы бір ойын-сауық орнына келіп-кетушілер тобы азаяр емес. Мұндай қызығы мол орынға ағылатындар арасында жастар, жасөспірімдер, балалар қарасы қалың болғанымен, ересектер де олардан қалыспауда. Тіпті, егде жастағы бір- екі кісіні де көріп қалдық. Олар да қызығады екен.


Парктегі аттракционға немересін жетелеп келген кейуананың: «Ойбай, аналар өлді ғой!» деп ашына айқайлаған даусына жалт қарадық. Соңынан үлкен кісі «уһ» деп демін бір алды-ау. Шынында, әткеншектің ондаған метр биіктікке көтере жөнеліп, соңынан тастай салуы жүректі «дүрс» еткізері сөзсіз. Әжейдің әбігерге түсуі содан.


Осы бір қызығынан шыжығы кем түспейтін ойын түріне тек бірыңғай ұлттық стандарт бекітілсе де, осында орын алған оқыс оқиғаға қатысты шағым айтып, арыз түсірер мекеме атымен жоқ. Сонда да экстремалды көңіл күйге бола, түрлі аттракционға ағылатындар саны азаяр емес. Алғашында қызық іздеп, әткеншекке мінген балалардың кейіннен денсаулығы сыр беріп жататыны бар. Мұндай әлсіздік 13–16 жас аралығындағы жас өрендерде көбірек байқалатын көрінеді.


«Жүрегі айнып, басы айналғанын айтып келетіндер аз емес. Көбінесе қан қысымы барлар медбикелік көмекке жүгінеді. Бір әткеншектен түсе салып, іле-шала екінші әткеншекке отырмау керек. Біраз демалған соң әрі қарай екінші әткеншекке мінген жөн», – дейді медицина қызметкері Гүлзира Тұяқова.


Қауіпсіздікті ойласақ, жауапкершілік алдымен азаматтардың өзіне жүктеледі. Әткеншектің сырын білсе де сауыққұмар көп. Өзге қалалардағы бірді-екілі оқыс жәйтті айтпағанда, Алматыда әзірге пәлендей бүлінген жағдай болған жоқ. Ал саябақ мамандары «кез келген қайғылы оқиғаның алдын алу үшін күн сайын кешенді жұмыс жүргізіледі» деп өз жұмысының кемістігін көлегейлеп, ақталып әлек. «Аттракциондар күнделікті қатаң тексеріледі. Қауіпсіздік жағынан кепілдік бере аламыз. Біз алдымен келушілердің қауіпсіздігін ойлаймыз», – дейді ойын-сауық саябағының менеджері Жылқыбек Жорахан.


«Біз бұл аттракционға ерекше көңіл бөлеміз. Әсіресе, экстремалды аттракцион – басты назарда. Негізі, талапқа сай техникалық тексеруді жылына 1 рет өткізсе де болады. Бірақ біз екі рет тексеру жүргіземіз. Адамдардың қауіпсіздігі – ең маңызды мәселе», – дейді ойын-сауық саябағының аға инженері Павел Рудаков.


Мәселен, Петропавл қаласындағы орталық саябақтағы аттракциондар жыл сайынғы тексеруден өтуі өз алдына, күнделікті техникалық қатаң қадағалауда болады. Әткеншектердің қауіпсіздігін қадағалайтын мұндай жауапты жұмысты қаладағы «Аттракциондар әлемі» ЖШС мойнына алған. Мәдениет және демалыс саябағының жабдықтары саналатын бұл жұмыс бірнеше күнге созылады. Техникалық жабдықтардың беріктігін сынау үшін әткеншектерге арнаулы жүктер қойылады.



56 млн теңгелік «Вальс»


«Бізде көп жыл техникалық құралдармен жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар бар. Арнаулы мамандардың әткеншектің техникалық жай-күйін бақылап, барлауға құқық иеленген сертификат пен дипломы бар. Маусым алдында барлық жабдықты тексеріп шықтық. Саябақта жаңадан бір әткеншек ісе қосылды. «Вальс» аталатын бұл техникалық жабдық беларусь елінен «Даму» қорынан көмегімен алынды. Құны 56 млн теңге тұрады, – дейді «Аттракциондар әлемі» ЖШС-нің инженері Татьяна Колчева. Аталған ЖШС директоры Александр Козлов «Вальстің» танымал отбасылық әткеншек екенін алға тартады. Әткеншек ТМД-дағы аттракциондардың көбінде бар екен. Қызылжардағы осы саябақта 50-ден астам әткеншек жұмыс істеп тұр.


Механикалық, техникалық жабдығының біразы саябақ жұмыс бастағаннан бері ауыстырылмаған ойын орындары да бар. Қаладағы көп әткеншектің сиқы – осы. Білікті мамандардың тұрақты тексеруі құрылғылардың ұзақ қызмет етуіне жағдай жасап отырғанын да атап өткен жөн. Дегенмен, қауіптің алдын алудағы ең басты қағида – қарапайым ережеге бағыну. 2019 жылы бекітілген ұлттық стандартқа сәйкес, аттракциондағы қауіпсіздікке, тіпті қайғылы жағдайға сол саябақтың басшысы мен мамандары жауапты. Алайда, мұндай қаупі қаперде тұрар ойын орнындағы жұмыс барысын, қауіпсіздігін жіті бақылап, тексеріп отыратын арнайы мекеменің әзірге жоғы «әттең» дегізеді.


Әткеншектерден әлдебір шу шыққан жағдайда әкімдіктерді кінәлау дағдыға айналғандай. Әкімдіктің тиісті саласы дер кезінде жалпы бақылау шараларын өткізсе де, саябақ қожайындары мен әткеншек иелері тікелей өз міндетін түсініп, жауапкершілік жүгін сезінсін. Айтпақшы, осы әткеншектерден шыққан дау-дамайдың жоғары заң шығарушы органның да есігін қағып, депутаттық сауал қоюға түрткі болды.



Бәрі сақадай сай болуға тиіс


«Жазатайым оқиғаларға тергеу кезінде ондай нысандарды орнату мен қолдану ережесі өрескел бұзылғаны әшкереленді. Бұл ретте жергілікті билік пен апатқа ұшыраған аттракцион иелері ондай нысанды орнатуға рұқсат бермегендерін айтып, жалтарып шыға келеді. Шынында да, рұқсатнама қағазы жоқ болса, онда қалай саябақтан орын алған? Түсініксіз», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Андрей Платонов.


Ойын-сауық саябақтарына орын алған еңселі әткеншектерді пайдаланатындарды әуреге салатын не нәрсе? Осы мәселе үнемі назарда тұруы тиіс. Бала денсаулығына тікелей жауап беретін бұл жабдықтарға қатысты еліміздің заңдары неге жөнді жұмыс істемейтіні беймәлім. Былтыр Өскеменде «Металлургтер» саябағында кәсіпкерлер «аттракционда жұмыс істеуге рұқсат бермеді» деп шағымданған. Себеп – пайдалануға жарамыз аттракционның болуында. Қала әкімдігі саябақта кәсіпкерлікке рұқсат жоқ деп өз талабын қойған.


Кәсіпкерлер тек жаз мезгілінде ғана жұмыс істейтін болғандықтан, банкке төлер несиесі барын алға салады. Алайда, мәселе ойын-сауық жабдықтарының жұмыс істеуге сақадай сай әзір болмауында тәрізді. Ал ойын-сауық мекемесінің иелері саябақтағы коммуналдық төлемдердің бәрі өз қалталарынан шығып жатқанын айтып, зар илейді. «Аттракциондардың жай-күйін үлкен-кішісін, бәрін бастан- аяқ тексереміз. Бастысы – қауіпсіздік» дейді жергілікті әкімдік.


Әткеншектердің әлегі әлі тыншыған жоқ. Не дегенмен, техниканың аты – техника. Тербеткенімен қоймай, сені ұршықша үйіріп, шыр айналдыратын жабдықты уақытылы техникалық тексеруден өткізіп, міндетті түрде баптау қажет. Бізде саябақтағы бұл саймандарды көбіне маусым ашылар сәтте әзірлеп, балаларды қорғау күні еске алып жатады. Техника болғандықтан ол да тозады, бүлінеді. Сондықтан аттракциондардың ақау байқалған жерін алдын ала жөндеп, қосалқы бөлшектерін жаңартып тұру – кезек күттірмес шаруа.



Тақырыпқа орай


* Аттракцион иелері «Аттракциондарды пайдалануға беру және қауіпсіздік талаптары» заңының техникалық регламентін ерекше ескеру керек.


* Балалардың аттракционда қозғалыс барысындағы қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет. Саябақтағы әткеншектердің барлық ықтимал қауіпті жерлері таяныш пен қоршаулармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – техникалық регламенттегі басты талап.


* Егер аттракцион құрылғысы бұзылған болса, жабдықтың жұмысын дереу тоқтату керек. Ал аттракционды пайдалану ережесін сақтамаған кәсіпкерлерге қолданылар жаза қатаң болады.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:06

15:46

14:37

14:12

12:22

12:05

09:32

12:48

12:02

11:37

11:12

10:45

10:12

09:36

09:30

09:02

08:53

07:41

06:19

05:37

05:14

04:35

15:15

15:02

14:12