Қытайға кетіп, із түссіз жоғалған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризат Алматы соты өзіне айыппұл салғанын хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Бір күн бұрын Гүлдәрия Шеризат бала-шағасымен әкімдік алдына барып, әкімнің шығуын талап етіп, күйеуін тауып беруге көмектесулерін сұраған. Бірақ айтуынша, оны полиция ұстап алып, бірнеше сағат полицияда ұстаған.
“Айыппұл төлейтіндей жағдайым жоқ, жолдасымды іздеймін бе, әлде айыппұлға ақша іздеймін бе? Оданша қанша тәулік болса да жатып, соны өтеп кетейін” десем “кәмелет жасқа толмаған балаңыз бар екен” дейді” деді ол.
Азаттықтың жазуынша, сот кешке онлайн өтіп, судья Алдабек оны “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы (488-бап, 7-бөлік) бойынша кінәлі деп таныған.
Сот шешімінде Шеризаттың “Тәуелсіздік монументі алдында жолдасының суреттерін ұстап алып, рұқсатсыз шеру, пикет ұйымдастырғаны” жазылған.
Қытайда туып, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Шыңжаңға кеткелі бері одан хабар-ошар жоқ. Қасында болған адамдар әйеліне "Қытай шекарасынан оны полиция ұстап әкетті" деп айтқан. Қазақстан мен Қытайдың ресми орындарына сұрау салған туыстары әзірге мардымды жауап алған жоқ.