Өзбекстанда президент сайлауы өтіп жатыр

Өзбекстанда президент сайлауы өтіп жатыр
Cурет: Saylov.uz

Сайлауға бес үміткер қатысып жатыр

24 қазанда таңертең Өзбекстанда президент сайлауы басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08:00-де ашылды (Нұр-Сұлтан бойынша 09:00).

Елде ресми түрде жұмыс істеп жатқан бес саяси партия өз үміткерлерін тіркеді. Сарапшылардың пайымдауынша, жеңіске жететін басты үміткер елдің қазіргі президенті - 64 жастағы Шавкат Мирзиёев. Ол Өзбекстанның Либераль-демократиялық партиясы атынан түсіп жатыр. 

Онымен сайлауға түсіп жатқандар «Ұлттық жаңғыру» демократиялық партиясының өкілі Әлішер Қадыров, Экологиялық партияның өкілі Нарзулла Абламурадов, «Әділдік» Социал-демократиялық партиясының өкілі Бахрам Абдухалимов, сонымен қатар Халық-демократиялық партиясының үміткері Мақсуда Варисова бар.

Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады (Нұр-Сұлтан бойынша 21:00). Республикада барлығы 9925 дауыс беру учаскесі жасақталған, сонымен қатар шетелдегі Өзбекстан өкілдігінде жүзге жуық дауыс беру орны ашылған. Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың Бірыңғай электронды тізіміне 19,9 млн адамды енгізді. Оған қоса 400 мыңнан астам азамат уақытынан бұрын дауыс беруге қатысқан, ол қазанның 14 мен 20 аралығында өткен. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Өзбекстан ІІМ-гі 53 мыңнан астам қызметкері мен қоғам өкілдерін жұмылдырған. Сайлау учаскесіне келген азаматтардан карантин талаптары мен қоғамдық қауіпсіздік ережелерін сақтау ұсынылады. Пандемия әлі де жалғасып жатқандықтан дауыс берушілерге бірреттік маска, перчатка және қолды дезинфекциялайтын құрал беріледі. Оның үстіне барлық сайлау учаскелерінде медициналық пункт ашылаған, онда 21 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр. 

Сайлау барысын мыңға жуық халықаралық байқаушылар бақылайдыр, оның қатарында ТМД, ТМД Парламент Ассамблеясының, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымдары, ОБСЕ, ЮНЕСКО және өзге ұйым өкілдері бар. Сондай-ақ 41 елдің 268 өкілі де сайлау барысын бақылайды. Сайлау жайлы ақпарат тарату үшін 116 шетелдік және 1,5 мың жергілікті журналист аккредитациядан өткен.