Өкпесі 100 пайыз зақымданған науқас ауруынан айықты

Өкпесі 100 пайыз зақымданған науқас ауруынан айықты
Сурет: Inform.kz

Дәрігерлер науқастың өмірін арашалап қалды

Елордада өкпесі 100% зақымданған науқас жазылып шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

20 күн бойы реанимацияда болған Асхат Отызбаев дәрігерлердің арқасында дертінен айығып, үйіне шығарылды. Дәрігерлердің сөзінше, науқас ауруханаға 25 шілде күні түскен. 

«Бүгін шығарып жатқан науқасымыз Асхат Отызбаев 25 шілдеде ауруханамызға келіп түсті. Үшінші күні тыныс алуы қиындап, жағдайы нашарлап кетті. Сол кезде тағы компьютер томографиясына түсіріп тексердік, өкпесі 100 пайыз зақымданып кеткен екен. Соған байланысты оны реанимация бөліміне ауыстырдық. 20 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, жағдайы жақсарған соң бүгін үйіне шығарып салдық», - деді №3 көпбейінді қалалық ауруханасының пульманолог-дәрігері Сапаркүл Бердешова-Әбілдаева.

Дәрігерлердің айтуынша, Асхаттың жағдайының тым нашарлап кетуіне оның вакцина алмағаны себеп болған.