Әзірбайжанда коронавирус салдарынан бірнеше мектеп жабылды

Әзірбайжанда коронавирус салдарынан  бірнеше мектеп жабылды
inform.kz

Әзірбайжанда дәстүрлі оқу басталғалы бері жалпы білім беретін 4432 оқу орнының 19-ы қашықтан оқуға көшті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Әзірбайжан Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта 433 сынып онлайн оқып жатыр, ал бұған дейін қашықтан білім беруге өткен 72 сынып дәстүрлі оқуын қайта жалғастырды.

«Қазіргі уақытқа дейін 1 595 108 оқушының 3 477-і және 229 871 мұғалім мен мектептің техникалық қызметкерінің 2 494-і (1%) COVID-19 жұқтырып алды», - делінген хабарламада.

Әзірбайжанның Білім министрлігі осы жағдайға байланысты ата-аналарды 12 жастан асқан балаларына екпе салдыртуға шақырды.

Министрлік жасөспірімдерді вакциналау Баку сауықтыру орталығында ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізіліп жатқанын еске салды.

Еске салайық, Әзірбайжанда 22 қыркүйектен бастап 1-4 сыныптарға, 29 қыркүйектен бастап 5-11 сыныптарға дәстүрлі оқу басталды. Білім мекемелерінде жұмыс істейтіндердің 80%-дан астамы COVID-19-ға қарсы толық вакцина алған.