Әйелінен кешірім сұрау үшін гүл шоғын ұрлаған азамат ұсталды

Әйелінен кешірім сұрау үшін гүл шоғын ұрлаған азамат ұсталды
Cурет: Ашық дереккөз

Оқиға Алматы облысының Үштөбе қаласында болған

Алматы облысының тұрғыны отбасылық жанжалдан кейін әйелінен кешірім сұрау үшін дүкеннен гүл шоғын ұрлап алған, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департамент келтірген мәліметке сүйенсек, 25 қарашада Қаратал ауданы Үштөбе қаласынан шағым түсті. Сатушы қоңырау шалып, гүл дүкенінен гүл шоғы ұрланғанын айтқан. Әйел ұрыны есте сақтап қалған. Шақырту бойынша келген полицейлерге оны сипаттап берген.

Көп ұзамай күдікті ұсталды. Ол Үштөбенің 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам ақшасы жетпегендіктен, жарынан кешірім сұрау үшін осындай қадамға барғанын мойындады.

«Ол әйеліне голландиялық раушан гүлдерді сыйлап, онымен татуласып, кінәсін жуып-шаймақ болған», - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.