Әскери ұшқыштар елорда аспанында Мемлекеттік Туды алып ұшты

Әскери ұшқыштар елорда аспанында Мемлекеттік Туды алып ұшты
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Осылайша ең үздік ұшқыштар экипаждары «Менің Туым – менің Отаным» акциясына қатысты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Әскери-әуе күштері армия авиациясының жауынгерлік тікұшақтары көк аспанда тәуелсіз еліміздің символы – Мемлекеттік Туды қалықтатып алып ұшты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұшқыш-мергендер – ӘӘК армия авиациясының бастығы, полковник Нұрлан Байдуллаев, авиация базасының командирі, полковник Мақсұтбек Әділбаев  Ми-171Ш тікұшағымен елорда аспанында Қазақстанның Мемлекеттік Туын қалықтатып алып ұшты. Бұл көріністі орындауда олармен тәжірибелі ұшқыштар мен штурмандар басқарған Ми-17 бұрамалы қанатты тікұшақтар әуеде ілесіп ұшты.

Акцияға қатысуға іріктелген әскери ұшқыштар – әскери парадтардың, «КADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесіне қатысқандар. Олардың шеберлігінің арқасында жүздеген оқу-жауынгерлік тапсырмалар сәтті орындалып, республикалық және халықаралық оқу-жаттығулар, сондай-ақ байқаулар мен жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізілді.

«Ту – әр мемлекеттің басты символдарының бірі, елдің егемендігі мен біртұтастығының белгісі. Қазақстан халқы үшін маңызды күнді мерекелеу қарсаңында оқу-жаттығу ұшуларын орындау арқылы акцияға қатысуды жөн көрдік», – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, полковник Нұрболат Топаев.

Әуе қорғанысы күштері Қазақстанның әуе кеңістігінің қауіпсіздігін күзетуде. Авиация паркі жыл сайын техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен толықтырылып отыр. Кәсіби шеберліктіктерін шыңдау үшін жеке құрамға қолайлы жағдайлар жасалуда.