Әлемдегі ең ақылды адамдар тізімінде қазақ жігіті бар

Әлемдегі ең ақылды адамдар тізімінде қазақ жігіті бар
Сурет: Newtimes.kz

Жас та болса, бұл жігіт - «Менса» халықаралық қауымдастығының мүшесі.

Ал оған әлем бойынша ең жоғары интеллект коэффиценті бар адамдар ғана мүшелік етеді. 

23 жастағы Алдияр Семедьяровтың IQ коэффиценті әлемдегі 99 пайыз адамнан жоғары болып шықты. Векслер шкаласымен тест нәтижесі 135-ке жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

2016 жылы  «Менса» туралы Алдияр алғаш рет естиді. Сол кезде әлемнің ең ақылды адамдар тізіміне алғаш рет қазақ баласы Димаш Әділет қосылған.

«Мектепте үздік оқыдым. Сонда IQ-ға ресми тест тапсырғым келді. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанда ондай тест болмай қалды. Содан бері бес жыл өтті»,– дейді Семедьяров.

Екі ай бұрын Алдияр онлайн режимде IQ-тестін ресми түрде тапсырды. 45 тапсырмаға 20 минут біріледі. Ал бір аптадан кейін «Менсадан» жауап келген. Ұйым өкілдері оны өз қатарына қосқанын айтқан. Алдиярдың интеллект коэффицентінің көрсеткіші жер-жаһандағы адамның 99 пайызының  ақыл-ойынан жоғары болып тұр.

«Мен ұйымның жауабын көріп таңғалдым. Алғашқы күндері сенбей жүрдім. Артынан «Менса» журналының кезекті санына атымды жазып, ұйым картасын жібергеннен кейін қандай құрметке ие болғанымды түсіндім. Ұйымның желісінде парақша да ашып берді», – деп атап көрсетті Семедьяров.

Айта кетері, «Менса» – интеллект коэффиценті жоғары адамдар кіретін ең танымал және ірі ұйымдардың бірі. Тест бақылаушылардың көзінше тапсырылады. Ол үшін әлемнің 50 елінде ұлттық топтар құрылған. Қазіргі кезде қауымдастыққа мүше адамдардың саны 120 мыңнан асып отыр. Олардың барлығы – 100 елдің өкілдері. Клуб 1946 жылы құрылған. Ұйымның негізгі мақсаты – адамзат пайдасы үшін интеллект дамыту, табиғатты зерттеу жұмыстарын қолдау, қауымдастыққа мүше болған адамдарға зияткерлік даму жағынан жағдай жасау.

Алдияр Семедьяровтың өзі - Ақтау қаласының тумасы. 2016 жылы №4 мектеп-гимназиясын «Алтын белгімен» бітірген. Ал ҰБТ-да 124 ұпай жинаған.

Алдияр – физикадан республикалық олимпиадалардың жүлдегері. Назарбаев университетінде оқып жүргенде, Work&travel бағдарламасымен АҚШ-ға барып қайтты. University at Buffalo-да жазғы семестрде болды. Сондай-ақ Германиядағы Leibniz University of Hannover-де зерттеу тағылымдамасынан өтті.

2020 жылы Швейцариядағы ETH Zurich федералдық технологиялық институтына "Электр инженериясы" мамандығы бойынша магистратураға түсті.