«Әлем жауынгері» байқауына дайындық жалғасуда

«Әлем жауынгері» байқауына дайындық жалғасуда
Сурет:Gov.kz

Кәсіби сержанттарды тоғыстыратын сайыс биыл 22 тамызда басталатын Армия халықаралық ойындары аясында өтеді.

Бүгінгі күні тоғыз әскери қызметші финалға шықты деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан құрама командасына олардың төртеуі кіреді, тағы екеуі қосалқы орында болмақ. Олар мотоатқыштар және танк бөлімшелерінде, сондай-ақ Армия орталық спорт клубында қызмет етеді. 

Сайыстың әскери-спорттық кезеңі 100 шақырым жүгіруді, қашықтыққа граната лақтыруды, кедергілер жолағын игеруді және кешенді эстафетадан өтуді қамтиды. Атыс даярлығы кезінде атыстың түрлі нормативтері орындалады. Сонымен қатар байқауда шығармашылық кезең мен тарихқа қатысты емтихан тапсыру да бар.

– Іріктеуге Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық әскер түрінен, өңірлік қолбасшылығынан және әскери бөлімінен кіл мықтылар қатысуда. Жігіттердің дайындығы мықты, жауынгерге тән шымырлық беріктік, шыдамдылық сияқты қасиеттермен ерекшеленеді. Жеңіске деген ұмтылыстары басым. Дегенмен, тактика бойынша жұмыс істеу керек. Қазіргі таңда тәжірибені шыңдау үшін жұмыс жасаудамыз.  Армия жауынгерлерінің сайыста жүлдемен оралуына барлық мүмкіндігі бар, – деді «Астана» өңірлік қолбасшылығының штаб-сержанты Қуандық Мадияров.

Қазақстандық команда бірнеше мәрте «Әлем жауынгері» халықаралық байқауында жүлделі орындарға ие болды. Айта кетсек, 2016 жылы Ресейде біздің әскери қызметшілер жалпыкомандалық үшінші орын, 2017 жылы Беларусь елінде – екінші орын алса, 2018 жылы Арменияда – бірінші орын алған болатын.