Әлем энергиясы

Әлем энергиясы
almaty-akshamy.kz

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына – 30 жыл. Қазақ жерінде атом бомбаларын сынақтан өткізуге тосқауыл қоюда «Невада– Семей» қозғалысының тарихи маңызы өлшеусіз екені белгілі. Тәуелсіздік қарсаңында бүгін бізге осы қозғалыстың басында болған, өзіндік үлесін қосқан мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезов «Невада–Семей» қозғалысының қалай пайда болғаны туралы сөз қозғады.

Мәдениеттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері «Невада–Семей» қозғалысы, шын мәнінде, қазақстандық азаматтық қоғамның ең қуатты қозғалысы екенін айтады. Әсерлі нәтижелер тарту еткен, жігерлендіретін оқиға егемен Қазақстанды құру жолындағы сенімді қадам болды.

Маған басынан бастап «Невада–Семей» қозғалысына қатысу бақыты бұйырды. Жазушылар одағында өткен керемет кеш есімде. Жиналыс мәжіліс залында басталып, жалғасы көшеде өткен болатын. Сол уақытта Олжас Сүлейменов халық алдында тамаша сөйлеп еді, – дейді Мұрат Әуезов.

Қазақстан Жазушылар одағы ғимараты алдында өткен жұртшылық жиналысында Олжас Сүлейменов Қазақстандағы ядролық қаруды сынауды тоқтату қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Осыдан кейін Сүлейменов есімі жарылыстарды тоқтату жолындағы күреспен тығыз байланысты болды. Ақынды халық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және президенті ретінде қабылдады.

– Ол кезде мен Жазушылар одағында жұмыс істедім. Бұл ғимарат маған өте жақсы таныс болатын. Антиядролық жиналыс 1973 жылы Жазушылар одағының ғимаратында өткен тағы бір жарқын оқиғаны еске салып отыр. Бұл – Азия мен Африка жазушыларының бесінші конференциясы болатын. Жалпы, жұртшылық алдында айтылған антиядролық бастама сияқты, конференция біздің санамызды отарсыздандыруға ықпал етті. Осы екі айтулы оқиға да Ұлы азаматтыққа толы кезеңге сай келетін, – деп атап өтті Мұрат Әуезов.

Мәдениеттанушы бұл оқиғалардың екеуі де Қазақстандағы оң өзгерістердің жаршысы болғанын атап көрсетті. Әсіресе, 1980 жылдардың аяғында трансформацияның жақындығы ерекше сезілетін. Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен қолдау тапқан ядролық қаруға қарсы кездесуде айтылған сөздер халықты шынайы шабыттандырды. Жұрт Қазақстан Республикасын мақтан тұта бастады.

«Мен ядролық қаруға қарсы қозғалыстың бірінші вице-президенті болу құрметіне ие болдым. Сонымен қатар, менің жас кезімнен таныс достарым да ядролық қаруға қарсы бастаманы қолдауға және дамытуға белсене қатысты. Мысалы, Марат Сембинді ерекше атап өтуге болады. Олар оқиғаларды шынайы азаматтықпен түсінетін рухы мықты жандар еді. Олардың «Невада–Семейге» қатысты ұсынған көптеген құнды идеялары оң нәтижеге әкелді», – деп жалғастырады мәдениеттанушы.

Олжас Сүлейменов пен басқа да қоғамдық белсенділердің арқасында бұл қозғалыс адамдардың санасына тез әсер ете бастады.

Қозғалысты әртүрлі буын, түрлі этностар мен әртүрлі мамандықтағы қазақстандықтар қолдады. Олардың ішінде ғалымдар, Қарағанды кеншілері, жоғары оқу орындарының профессорлары да болды. Оның үстіне, тіпті ядролық ғалымдар да сынақтарды тоқтату керек деген ұстанымдарын айтудан қорықпады, – деді М.Әуезов.

Оның айтуынша, көп жағдайда халықтың бірлігі үшін алғышарттар жасалды. Ол Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолындағы үлкен бастаулардың бірі болды. «Невада–Семей» қозғалысы – бұл нағыз тарихи оқиға деуге болады. Мұрат Әуезов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы барлығын «ұлттық пәтерлерге» бөлген тұста бұл үлкен маңызға ие болғанын айтады:

«1989 жылы 28 ақпандағы кездесу жастарды шеруге, жағдайды өзгертуге қадам жасауға шақырды. Бұл оптимизм көп жағдайда Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен жүзеге асты. Олжас Сүлейменовтің тұлғасынан жастар бостандық туралы армандарының көрінісін көрді, оның іс-әрекеттерінде Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжановтың ұмтылыстарының үндестігі бейленген-ді. Олар өз жерімен мақтана алды, бұл халықтың нағыз ұлдары мен қыздарына тән мақтаныш болды», – дейді мәдениеттанушы.

Мұрат Әуезов антиядролық қозғалыс идеясымен біріккендердің арасында әртүрлі ұлт пен дін өкілдері бар екенін айтады. Галина Күзембаеваның басшылығымен штаб керемет жұмыс істеді деуге болады. Сол кездегі кәсіпкер Мичали Хурин Мұрат Әуезовтің АҚШ-қа сапарын қаржыландыруға көмектескен. Ол Америкаға антиядролық қозғалыстың өкілетті өкілі ретінде барып, қоғам қайраткерлеріне, саясаткерлерге, басқа мемлекеттің прогрессивті азаматтық белсенділеріне қазақстандық бастама туралы мәлімдеген.

– Біздің идеяларды америкалықтар өте жақсы қабылдады. Есімде, мен Калифорниядан Невадаға кетіп бара жатқанда маған Сан-Францискодан қоңырау шалынып, кездесу ұсынылды. Олар үлкен пәтерде кездесу ұйымдастырды. Көптеген адамдар жиналды. Мен оларға жаттығу алаңы және Невада–Семей трагедиясы туралы айттым. Олар біздің идеяға қызығушылық білдіріп, қолдай жөнелді. Содан кездесу соңында қол ұстасып ән айта бастадық. Бұл кездесу менің ең жарқын естеліктерімнің бірі болды, – деп жалғастырды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Мұрат Әуезов Америка Құрама Штаттарына сапары кезінде доктор Бернард Лоуннан шақыру алған. Ол 1985 жылы «Әлем дәрігерлері ядролық соғыстың алдын алу үшін» ұйымының атынан Нобель сыйлығын алды. Олар кездесіп, одан әрі ядролық қаруға қарсы қоғамдық белсенділіктің жолдарын белгіледі.

Көрнекті кардиолог ядролық қаруға қарсы бастаманы дұрыс қабылдап және қазақстандық белсенділерге қолдау білдірді. Осылайша Мұрат Әуезов шетелдік дәрігермен достық көпірін құрып, жалынды пікірлес тапқан болатын. АҚШ-тағы саяхаттан кейін енді шетелдік қонақтар жағдайды өз көзімен көру үшін Қазақстанға, дәлірек айтқанда, Семей облысына келулері керек болды

– 1990 жылдың 6 тамызында полигон маңындағы Қарауыл ауылында үлкен халықаралық акция өткізгеніміз есімде. Оның қоюшы-режиссері – марқұм, жазушы, хореограф Дүйсенбек Нақыпов. Сценарий бойынша біз аймақ тұрғындарына қайғы мен ауру әкелетін «айдаһарды өлтіру» үшін отқа тас лақтырдық.

Бұл оқиға туралы хабарлар бүкіл әлемге таралды, оның ішінде Юрий Куйдиннің әйгілі фотосуреттері, Гүлжан Ерғалиеваның бейнесюжеттері де бар еді. Бұл әрекеттерге халықаралық журналистиканың көрнекті өкілдері, мысалы, Генрих Боровик қатысты. Дәл осы халықаралық оқиғалардан кейін қозғалыс жәй ғана дүниежүзілік емес, іс жүзінде планетарлық сипатқа ие болды. Өйткені, осы қозғалыстан кейін бүкіл әлемде ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Осы қозғалыстың арқасында әскери адамдармен, полигондағы ядрошылармен кездесулер мүмкін болды.

Әскери адамдар ядролық зарядтың соңғы сынағы өткізілгенде жерасты жарылысынан шамамен 6 шақырым қашықтықта ғана жұмыс істеуге рұқсат етті. Осы жерде әскерилер жарылыстардың қауіпті болмайтынын айтты. Жер бүлк ете қалды, сонымен бәрі біткендей. Әскерилер айтқандай емес, Мұрат Әуезов аяқ астындағы жер айырылып, қақырап бара жатқандай болғанын айтады.

Бұл жарылыстар бүкіл аймақтағы тіршілік иелеріне, жер астынан адамға дейін өлім әкелді. Қозғалыс аясында біз полигон басшыларымен, ядролық ғалымдармен кездесулер ұйымдастырып, о сы жарылыс орны Абай, Шәкәрім сынды озық ойлы, бірегей тұлғалардың туған жері екенінен хабардар ма екен деген сұрақтарға жауап іздедік.

Мәдениеттанушының айтуынша, «Невада–Семей» қозғалысы КСРО мен АҚШ-тағы ядролық сынақтардың тоқтатылуына және ядролық әлеуеттің қысқаруына ықпал етіп қана қоймай, Қазақстанның шет елдердегі нағыз елшісі болды. Қозғалыс көшбасшылары Қазақстанды, оның мәдениетін, географиясын, халықтың салт-дәстүрлерін әлемге жария етті.

«Невада–Семей» қозғалысы Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы маңызды оқиғаға айналғанына сенімдімін. Оған тарих және басқа да гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар саласындағы мамандардың қызығушылығы одан ары жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа тарала бермек. Өйткені, онсыз ХХ ғасырда болған оқиғалардың толық бейнесін елестету мүмкін емес, – деп түйіндеді Мұрат Әуезов.