Әлем чемпиондары елге оралды

Әлем чемпиондары елге оралды
Almaty-akshamy.kz

Алматы жұртшылығы джиу-джитсудан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Алматы халықаралық әуежайынан күтіп алды

Келгендердің арасында қола жүлдегер Райымбек Ержан, екі алтын медаль иегері Нұрай Алтынбек және қазіргі біріншіліктің бас жұлдызы, төрт дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова бар. Әуежайға жиналған қала тұрғындары спортшыларды әдеттегідей қазақы дәстүрмен шашу шашып, салтанатты түрде қарсы алды. Олардың арасында жергілікті спорт басқармасының өкілдері мен «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері және жүлдегерлердің туыстары да бар.

– Әлем чемпионы атанып жатқан қыздар мен жігіттер біздің мектептің оқушылары. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап мектебімізде  джиу-джитсудан арнайы бөлімше ашылған. Қазіргі уақытта 4 бірдей жаттықтырушы балалармен жұмыс істейді. Бұл уақытқа дейін олар джиу-джитсу федерациясында жаттығып келген еді. Бүгінгі күні жастардың басым көпшілігі  спортқа қызығып, жүлделі орындардан көрінуде. Қазақ елінің Көк туын көкте желбіретіп жүрген өр ұландарымыздың саны  көбейе берсін, – дейді №4 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрболат Ысқақов.

Спортшылардың арасындағы 14 жастағы Жібек Құлымбетова Не-Ваза турнирінде Біріккен Араб Әмірлігі мен Таиланд және Ресей спортшыларынан басым түсіп, үш дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Кейін жасыл белбеу иегерлері арасында «Abu Dhabi World Jiu-Jitsu Championchip» сайысында да бақ сынап, әлем чемпионатын 4-мәрте ұтты.

«Қарсыластарымның барлығы осал болмады. Бірақ мен оларды жеңіп шығуға барымды салдым. Осы жетістікке жету үшін ұзақ уақыт еңбектендім. Ендігі жоспарым – алдағы жарыстарға мықты дайындалып, тағы да әлем чемпионы атану. Бұдан да биік белестерге жетіп, еліміздің атын әлемге таныту», – дейді Жібек Құлымбетова.

Спортшылардың арасында әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқандар да бар. Олардың бірі 14 жастағы спортшы Нұрай Алтынбек джиу-джитсумен 9 ай айналысқан. Аз уақыттың ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізіп, әлем чемпионатының екі алтынын еншілеген. Жалпы әлем чемпионатының Не-Ваза 1-турнирінде джиу-джитсудан Қазақстан құрамасы 56 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді, оның 11-і әлем чемионы атанды. Ал екінші «Abu Dhabi World Jiu-Jitsu Championchip» сайысы әлі жалғасын табуда.

Екінші әлем чемпионаты өте тартысты өтті, себебі қарсыластар мықты болды. Алайда, Жібек өзінің айласын асырып, ұпай санымен ұтып кетті. Бүгінгі күні біздер «Бақытты болашақ» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, «Жанұя» балалар үйінің 20 тәрбиеленушісін тегін жаттықтырып келеміз. Алдағы уақытта да жеткіншектерден үлкен үміт күтеміз, – дейді «Sagadat batyr – QTT» клубының бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.