Ұстаздық әркім алып жүретін мамандық емес – мұғалім Мейрамгүл Бегова

Ұстаздық әркім алып жүретін мамандық емес – мұғалім Мейрамгүл Бегова
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Ұстаз болу – бала кезімдегі арманым.

Алматы қаласы Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Бегова ұстаз болуды бала күннен армандаған. Білікті маман оқушыларды білім нәрімен сусындатып, болашаққа жол көрсету ұстазға жүктелген үлкен жауапкершілік деп біледі. Ұстаздар күні қарсаңында Almaty-akshamy.kz тілшісі мұғаліммен әңгіме өрбітті.

Мұғалім Мейрамгүл Габдулдақызы  ұстаздық үлкен жауапкершілікті жүктейтінін және адал шәкірт тәрбиелеу ұстаз үшін үлкен мәртебе екенін айтады.

«Алматыда нағашы апайларым жоғарғы оқу орындарында  сабақ береді. Бала кезімнен сол кісілерге еліктеп өстім. Ұстаз болу – бала кезімдегі арманым. Сол арманым орындалғанына қуанамын. Ұстаз болу –үлкен жауапкершілік. Сіздің алдыңызда өмірге құштар ел болашағы отыр. Алдыңа келген бүлдіршіндердің білімін арттырып, ізгілікке үйрету, адамгершіліктің қадір-қасиетін түсіндіру, болашаққа жол көрсету ұстазға жүктелген үлкен жауапкершілік екенін түсінемін», - дейді ол. 

Ол шәкірттерінің білімді, адал болып өсуін өзіне мәртебе санайды. Сондықтан шәкірттерінің сапалы білім алуы жолында аянбай еңбек етуде.

«Оқушы білім нәрімен сусындап,  еңбекті ақтаса, адал шәкірт болып тәрбиеленсе – бұл ұстаз үшін үлкен мәртебе. Ұстаз балаға – ата-ана, дос, жанашыр, ақылшы, үлгі болар тұлға». – дейді мұғалім. 

Мейрамгүл Габдулдақызы Мұхтар Әуезовтің «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деген сөзі ұстаздардың еңбегіне, сарқылмас қуатына, қажымас қайратына берген баға деп санайды. Оның айтуынша, әр адам педагог мамандығын игергенімен әркім ұстаздықты  алып жүре алмайды. Сондықтан ол оқушыларын мамандық таңдауда әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады екен. 

«Ұстаздың жүріс тұрысы, мінез-құлқы  тіпті киім үлгісі де балаларға үлгі.  Бала алдындағы ұстазына өзінің өмірдегі айнасындай қарайды», - дейді М. Бегова.