Ұлттық асхана таңқалдырды

Ұлттық асхана таңқалдырды
Сурет: Weproject.media

Франция астанасында «Дөңгелекті қазақ ас үйі» атты жаңа жоба басталды. Ондағы мейрамханада қазақ аспазы басшылық етеді. Мұндағы мәселе – жалпы тамақта емес, ұлттық тағамда.

Көліктегі асүй пайда болған соң, Шатийон-Монруж станциясына жергілікті қазақтар ағыла бастады. Бұған бастамашылар таң-тамаша болды. Себебі олар негізі француздарға сенім артып келген еді. Мәзірдегі сөздерді де соларға лайықтады. «Номад», «Дала», «Жібек жолы» атаулары жұрт назарын аудара білді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қазақстанды таныту да біздің бастапқы мақсатымыз болатын. Бірақ қандастарымыздың тарапынан үлкен қолдау болады деп күткен жоқпыз. Француздар сұрақты қарша боратып жатыр. Уақыт тауып, қысқа да нұсқа түсіндіруге тырысамыз. Әрине, мәдени тұрғыда еліміз үшін бұл күшті жарнама», – деді «Delices Des Steppes» компаниясының қосалқы негізін салушысы Мәдина Құлманова.

Жобаны дайындауға бір жыл уақыт кеткен. Індетке байланысты рұқсат алу мерзімі ұзаққа созылған. Сапалы ет табу да қиын болған. Жоба авторлары өнімдерді жарты жыл бойы зерттеген. Қазірде аталған мейрамхана аптасына 5 күн жұмыс істейді. Париждің айналасын аралау да ойда бар көрінеді.

Жоба авторлары алдағы уақытта келушілерге қазы мен құрттың дәмін таттыруды жоспарлап отыр. Ал әзірге көпшілік қазақ самсасы мен мәнтісінің дәміне тәнті болып, қайта-қайта келуде.