Ұлытау тобы Ыстамбұлда концерт берді

Ұлытау тобы Ыстамбұлда концерт берді
Сурет: Massaget.kz

Мегаполистің әйгілі концерт залында өткен шара Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орайластырылған

Кеште қазақ шығармаларымен қоса әлем классиктерінің композициялары орындалды. Әсіресе, «Түрік маршы», «Аһ, Ыстамбұл» туындылары жиылған жұрттың көңілінен шықты, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Анадолы жеріндегі тыңдарман Ұлытау тобының шығармашылығымен етене таныс. Өйткені төл аспаптарымыз бен заманауи музыканы алғаш болып ұштастырған да осы Ұлытау.

«Ұлытау тобының шығармаларын жақсы көремін. Сондықтан Ұлытаудың концерт беретінін естіп, басқа қаладан келдік. Концерттегі атмосфераны айтып жеткізе алмаймын. Таңғажайып. Тағы да келсін. Жиі концерт берсін», - дейді көрермен Айше Уйсал.

Соңғы он күнде Түркі әлемінің шырағы Ыстамбұлда жанды. Түркі мемлекеттері ұйымының сегізінші саммиті өтіп, оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барды. Алқалы жиында маңызды шешімдер қабылданып, «Түркі әлемінің келешегі 2040» құжаты қабылданды. Сондай-ақ алғаш рет Халықаралық Қорқыт Ата фильмі фестивалі өтіп, тамырлас жұрттың белгілі киномотографтары мегаполисте бас қосты. Бұл да алып шаһардың алыстағы ағайынға деген сүйіспеншілігінің белгісі болса керек.