«Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы қорытындыланды

«Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы қорытындыланды
Сурет: Inform.kz

Бұл байқау қандастар арасында өтті

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Отандастар қоры» өткізген «Ұлы дала ұстазы» халықаралық байқауы мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Сайыс талабына сай тақырыптық шығармалар мен Ыбырай Алтынсарин өлеңдері жатқа оқылған бейнероликтер қабылданып, қазылар алқасының әділ іріктеуінен өткізілді. Байқауға алыс-жақын 10 мемлекет пен тарихи отаны Қазақстанға оралған қандас оқушылардан ұзын саны 150-ден астам материал түсті.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 3 үміткер үздік деп танылды. I орынға Арай Мұқарапқызы (Моңғолия), II орынға Бекзат Жұмабекова (Өзбекстан), III орынға Умид Нури (Ауғанстаннан оралған қандас) ие болды.

Жүлдегерлерге алдағы 2022 жылғы жаз маусымында ел ордасы - Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жазғы демалыс лагеріне тегін жолдама беріледі.

«Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлықтауға белсене атсалысып, байқауда бақ сынасқан барша қатысушыларға риясыз ризалық білдіреміз. Озат оқушылар мен балғын балаларды баптаған ұлағатты ұстаздарға алғыс айтамыз» дейді Отандастар қорынан.