«Ұлы Дала ұстазы» атты халықаралық байқау жарияланды

«Ұлы Дала ұстазы» атты халықаралық байқау жарияланды
Сурет: Bilimdinews.kz

Байқауға 10 жастан бастап 18 жасқа дейінгі шетелдегі және елдегі қандас оқушылар қатыса алады.

Шығармашылық байқау қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Отандастар қоры» ұлттық сананы сақтау және ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты рухани тұрғыда дамыту мақсатында «Ұлы Дала ұстазы» атауымен халықаралық байқау жариялады.

«Ұлы Дала ұстазы» халықаралық шығармашылық байқауы Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріне #Ustaz180 хэштегімен бейнежазба жүктеу арқылы (ауызша) және сонымен қатар электрондық поштаға (serik_abduali@mail.ru) шығарма жолдау (жазбаша) әдісі бойынша өткізіледі.

Байқау шарты: 1. Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінен үзінді оқу (кемі екі-үш шумақ) 2. Ыбырай Алтынсариннің дара тұлғасын айшықтап, ұлы ұстазды ұлықтайтын шығарма жазу (кемі бір бет - А4 форматта).

Байқау өтетін уақыт: 2021 жылғы 1 қазан – 1 қараша аралығы. Жүлделі 3 орынға «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, Назарбаев зияткерлік мектебінің жазғы лагеріне және «Туған елге саяхат» туристік пойызына тегін жолдама беріледі.

 Жүлделі орындар: I орын - біреу; II орын - біреу; III орын - біреу. Байқау қорытындысы қазылар алқасының әділ іріктеуінен өткен соң қараша айының алғашқы күнінде жеңімпаздар анықталып, үздік үштікке енгендердің есімдері 2 қарашада жарияланады.