«Ұлы дала ұлы» монументі

«Ұлы дала ұлы» монументі
egemen.kz

Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш ашылды. Салтанатты рәсімге қатысқан зиялы қауым өкілдері Елбасы ескерткішінің Түркістанда орнатылуының символдық мәні үлкен және «Ұлы дала ұлы» монументі – ел ықыласынан туындаған дүние екенін айтты.

Ескерткіш Елбасының егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған екен. Автор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш Елба­сы­ның Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген. Биіктігі 4 метр, тұтас­тай қоладан құйылған еңселі ескерткіш жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған.

Демеушінің қаржысына орна­тыл­ған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов өзінің Кентауда өскенін, ол кездегі Түркістан мен қазіргі шаһардың айырмашылығы көп екенін айтты. «Бүкіл мұсылман қауымы үшін екінші Мекке саналатын тарихи қала енді туристік бағытта дамиды. Жаңадан ашылған нысандар – соның бастамасы. Сонымен қатар бұл қасиетті мекенде қаншама ұлыларымыздың, хандар мен билеріміздің сүйегі жатыр. Түр­кістан ескерткіштер қаласы болуы керек. Әбу-Насыр әл-Фарабиден бас­тап, барлық тұлғаларымыз бірін-бірі то­лықтырып, жалғастырып тұруы тиіс. Әрқайсысын таныс­тыр­ғанда, халықтың тарихы жалғасып жатуы керек. Терең ойлау қажет. Елбасының барлық жерге қатысы бар. Тарих солай, Қазақ елі бай, жері кең», - деді Асанәлі Әшімов.

«Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асырылу идеясына мұрындық болған, Түркістанға тарихи мәртебесін қайтарған Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалады. «Бұл – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасыға алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет», - деді қоғам қайраткері.

Қазақстан Ұлттық Ғылым Ака­де­мия­сының президенті, академик, профессор Мұрат Жұрынов Елбасының ескерткіші осы қалада болуы жөн деп санайды.

Түркістан қаласында Елбасына ескерткіш орнату туралы баста­маны мамыр айында өткен «Түр­кістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграциялық және ынтымақтастық перспективалары» тақырыбындағы халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары доцент, доктор Билаль Ча­кыджы да көтерген болатын. Кон­фе­ренцияға қатысушылар Елбасы­ның күллі түркі әлемі үшін жа­саған елеулі еңбегіне ризашы­лық­тарын білдіре отырып, шетелдік ғалымның ұсынысын бір ауыздан қолдаған-ды. Ескерткіштің ашылуына арнайы келіп қатысқан Билаль Чакыджы түркі әлемінің ру­хани астанасы – Түркістанның дамуына, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың орны ерекше екенін атап өтті.

«Мен өз басым халықтың көтерген бастамасын құптаймын. «Халық айтса, қалып айтпайды». Әртүрлі пі­кір­­лер болуы мүмкін және сол пікір­­лерді әдейі жасауы да мүмкін. Жал­­пы, Елбасының өзі жасаған жұмыс­тарының қай саласын алсақ та, мә­селен, Астананың құрылысы және Түркістанның гүлденуі, сондай-ақ Қазақстанның дамуы – бәрі де Елба­сымыздың еңбегінің арқасы деп ой­лаймын. Тәуелсіздік алған жыл­дарға дейін қазақ даласында мұн­дай қарқынды құрылыстар жүргі­зіл­меген. Қазақстанның қарыштап, дамуы Елбасының арқасы деп біле­мін. Сондықтан мен мұны жай ғана ескерткіш деп қарамас едім. Бұл біз­дің Тәуелсіздік алған 30 жыл ішін­де жеткен еңбегіміз, жемісіміз деп қарағанымыз жөн. Оны қадір­леп, қастерлеуіміз керек», - деді Мем­лекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.

Жазушы, Түркістан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт та 3 жыл жыл ішінде адам танымастай өзгерген, көркейген, әсем ғимараттар бой көтеріп, аспанға асқақтаған Түркістанға Елбасы ескерткішінің орнатылуы өте орынды деп есептейді.

«Қуана білгенге құт қонады, баға­лай білгенге бақ болады. Ескерт­кіштің өнер туындысы екені білініп тұр. «Ұлы дала ұлы» деген аты да өте жарасымды. Терең мән-мағы­насы бар. Туған жерге еркелеп, нымшасының етегін жел тербеп, туған жер алақанына салып, еркелетіп тұрған секілді әдемі емін-еркін өнер туындысы болып шыққан. Келешекте бағаланатын, елді еңселендіретін ескерткіш деп ойлаймын», - деді Мархабат Байғұт.

Мәжіліс депутаты Дархан Мың­бай жай ғана ескерткіш деп қара­май, шын мәнінде, әділеттіліктің, сабақтастықтың және алға өрлеудің алғы шарты деп қарау қажеттігін айтты. Сондай-ақ бұл күні мемлекет қай­раткерлері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері көне шаһардың көр­некті жерлерін аралады. «Сапар орта­лығында» болып, жәдігерлермен таныс­ты. Қазақтың тарихынан сыр шерт­кен бейнебаянды тамашалап, тарихи мекен туралы тың деректермен танысты.

Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бас­таманы көтерген кәсіпкер Болатбек Әлиевті түркістандық арда­гер-ақсақалдар, зиялы қауым өкіл­дері, мәслихат депутаттары мен кәсіп­керлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдаған. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері орта­лық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асып отыр. Бұдан бөлек, Түр­кістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жер­гілікті тұрғындар арасында са­уалнама жүр­гізіліпті. Сауалнамаға қатысқан 1000 респонденттің
93%-ы бастаманы қолдайтындарын білдірсе, 4,5%-ы қарсы, 2,5%-ы бейтарап позицияны ұстанған.

Түркістан облысы



egemen.kz. 04 Шілде, 2021