Ұлы дала алтындары Ұлыбританияда таныстырылды

Ұлы дала алтындары Ұлыбританияда таныстырылды
Сурет: 24.kz

 Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің Фицуильям мұражайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған көрме ашылды.

«Ұлы дала алтыны» көрмесіне біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Орталық Азияда, атап айтқанда, Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлері, сақ қорғандарынан табылған құнды дүниелер қойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар көрме қонақтарына Берел, Шілікті және Елеке Сазы сияқты үш түрлі қорымнан шыққан жүзге жуық археологиялық олжалар ұсынылған. Ал олардың ішіндегі ең бағалы экспонаттардың бірі - киімдері 15 000 алтын заттан тұратын Алтын адам да бар.

Бүгінде отандық археологтар қорғандардан табылған жәдігерлерді британиялық әріптестерімен бірге зерттеп келеді. Кембридж университеті жанындағы Макдональд археологиялық зерттеу институтының ғалымдары жаңа технологияларды қолдана отырып, бірегей артефактілердің құпияларын ашып жатыр.

«Біз микроанализдер жасаймыз. Заманауи микроскоптың көмегімен ежелгі сақтардың қандай технологиялар пайдаланғанын және қолөнер бұйымдарын қалай жасағанын зерттей аламыз», - деді көрме кураторы Ребекка Робертс.

Айта кетейік, осындай бірегей алтын артефактілер еуропалық аудиторияға алғаш рет ұсынылып отыр. Оларды британиялық БАҚ «Халықаралық археологиялық сенсация» деп атады. Экспозицияны келер жылдың 30 қаңтарына дейін тамашалауға болады.