Үй жануарларында да жеке сәйкестендіру нөмірі болады

Үй жануарларында  да жеке сәйкестендіру нөмірі болады
Сурет: интернеттен

Ол жануардың терісінің астындағы чипте орналасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үй жануарларының жеке сәйкестендіру нөміріне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Біз сондай-ақ жеке сектордағы ветеринариялық практиканы дамыту үшін адамдардың денсаулығына қауіп төндірмейтін аурулардың 5 түрі бойынша күресу мен алдын алу жұмыстарын бәсекелестік ортаға беріп, саланы кеңейтпекпіз», - деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, ветеринария саласын цифрландыруға ерекше маңыз беріледі.

«Қазіргі уақытта біз жаңа бағдарламалық өнімнің алғашқы жұмыстық нұсқасын әзірлеуді аяқтап жатырмыз. Бұл жергілікті жерден ақпарат қалыптастыру, оны Жануарлар туралы орталық дерекқорға беру процестерін толығымен автоматтандыруға және осы процестердің барлығына адами фактор әсерін болдырмауға мүмкіндік береді. Ветеринариялық маманда осы бағдарламаның мобильді қосымшасы болады, ол оны қағазбастылықтан босатады. Жануарда адамның жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты бір ғана сәйкестендіру нөмірі болады деп болжануда. Ол жануардың өмірлік циклінің бүкіл кезеңінде тері астындағы чипте орналасады. Келесі жылы аталған бағдарламаны бір ауданның базасында тестілік режимде сынақтан өткізіп, толық пысықталғаннан кейін 2023 жылдан бастап республика бойынша кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.