Үй аралап вакциналайды

Үй аралап вакциналайды
almaty-akshamy.kz

Бүгін Алатау ауданында медицина қызметкерлері үй-үйді аралап, вакциналау жұмыстарын жүргізеді.

Шараның басты мақсаты – тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып, екпе алу туралы дұрыс ақпарат жеткізу. Сондай-ақ, ауданда үйлерді аралап екпе салумен қатар, үлкен зауыт-фабрика жұмысшыларына ақпарат беру жиындары өткізіліп, жұмыстан босай алмайтын қызметкерлерді вакциналау жұмыстары қолға алынған.

Қалалық №25 емхананың бас дәрігері Әлия Мұратқызы мұндай шаралар әлі жалғасын табатынын айтады. Шараның ерекшелігі – тұрғындардың арасындағы жалған ақпараттарға тосқауыл қою екен.

«Алатау ауданында 7 емхана бар. Онда аудан бойынша 236 636 адам тіркелген. Емханаларда ақпан айынан бастап емханаларға вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Алдымен медицина, кейін құқық қорғау қызметкерлері және мұғалімдер вакциналанды. Сәуір айынан бастап тұрғындарға екпе егу жұмыстары қолға алынды. Сол уақыттан бері Алатау ауданында 24 екпе пункті ашылды. Соның ішінде « Ақбұлақ», «Кенжехан», «Өжет», «Жібек жолы» базарлары мен «Бақорда», «Строй city» сауда орталықтарында, ауданға қарасты 4 мектепте бар.

Жоспар бойынша вакцина қабылдауға жарамды тұрғындар саны 88 861 адамды құрады. Қазіргі уақытта 33 547 адам екпе алды. Бұл вакцина алуға жарамды тұрғындардың 38 пайызын құрайды. Жоспарға сәйкес, шілде-тамыз айлары аралығында тұрғындарды толық вакциналау жұмыстары жүргізіледі», – дейді бас дәрігер.