Үндістанда коронавирус індетіне қарсы бір миллиардтан астам вакцина салынды

Үндістанда коронавирус індетіне қарсы бір миллиардтан астам вакцина салынды
Сурет: Rg.ru

Үндістан - тиісті межеге жеткен екінші мемлекет

 Қыркүйектің басында Қытай да осындай көрсеткішке қол жеткізген. Айта кетейік, биыл көктемде Үндістандағы эпидахуал күрт нашарлап кеткен еді. Ауруханаларда тыныс алуы қиындаған талай науқас оттегі балондарының тапшылығынан көз жұмды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Тәуліктік өсім 400 мыңнан асып кеткен кездері де болған. Ал қазір бұл көрсеткіш шамамен 15 мыңға дейін төмендеген. Мамандар ахуалдың жақсаруын вакциналау қарқынының үдей түсуімен байланыстырады.

«Биыл сәуір мен мамыр айларында еліміздегі эпидахуалдың күрделі болғаны бәріне мәлім. Сондықтан 1 миллиардтық көрсеткішке қол жеткізу - біз үшін үлкен жетістік. Кейбіреулер сол кездерді ұмытып, енді ондай сұмдық қайталанбайды деп ойлауы мүмкін. Алайда жағдайдың әп-сәтте өзгеруі ықтимал. Сондықтан вакциналау көрсеткіштерін мүмкіндігінше арттыра беруіміз керек. Кейбір азаматтар екпенің бірінші компонентін алғаннан кейін екіншісін салдырмай созып жүріп алады. Бұған жол бермеуіміз керек», - дейді Үндістан қоғамдық денсаулық сақтау қорының президенті Сринат Редди.