Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен түйісетін жолдар мәселесі талқыланды

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен түйісетін жолдар мәселесі талқыланды
Сурет:Gov.kz.

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен түйісетін жолдар мәселесі талқыланды

 

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен түйісетін облыс аумағындағы радиалды жолдардың құрылысына қатысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жобаға қатысушы іргелі мекеменің бірі «Alsim Alarko» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарына сілтеме жасап.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Алматы қаласы шекарасынан бастап ҮАААЖ-ға дейін салынатын облыс аумағындағы 6 радиалды жолдың құрылысына қатысты жұмыстардың жай-күйінен қысқаша хабардар етті. Жалпы, Қарасай мен Іле аудандарының аумағы арқылы алып жолға түйісуі тиіс 6 жолдың ұзындығы 36 шақырым. Осы 6 жолдың 5-еуінің жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Яғни, Абай, Саин, Рысқұлов, Тілендиев және Солтүстік жартылай айналма жолдарының жобасы дайын. Ал Ақын Сара көшесінің жобасына Алматы қаласының Бас жоспарының өзгеруіне байланысты түзетулер енгізілуде. Әзірге Саин көшесі бойынша жер учаскелерінің мәселесі толық шешілген. Құрылыс жұмыстарына 2,7 млрд. теңге бөлінген.

Кездесуге арнайы келген «Alsim Alarko» компаниясы бас директорының орынбасары Аббас Шахин өздерінің ҮАААЖ жобасына қатысушы ретінде облыстың радиалды жолдарының құрылысына байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. ҮАААЖ құрылысы аяқталғанға дейін оған келіп түйісетін жолдардың да толық дайын болуына бар күш-жігерін жұмсайтын ниеттерін білдірді.

Амандық Баталов құрылыс саласында тәжірибесі мол мердігер ұйымның облыспен серіктестік байланыстарын нығайту туралы ұсыныстарына ризашылығын білдірді. Әңгімелесу барысында облыс әкімі компанияның құрылыс конструкцияларының қайдан әкелінетінін, қанша жұмысшы жұмыс істеп жатқанын сұрап білді. Компания өкілі Аббас Шахиннің айтуынша, құрылыс жұмыстарында 1100-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның 93%-і жергілікті мамандар. Жиын барысында «Alsim Alarko» компаниясының ҮАААЖ жобасын іске асыру жұмыстары туралы шағын бейнеролик көрсетілді.

Облыс басшысы радиалды жолдардың құрылысын жүзеге асыру жобасының серіктестік шарттары Үкімет деңгейінде талқыланып, тиісті шешім қабылданатынын айтты.  

- Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы – өте ауқымды жоба. Сондықтан бұл жобаның шеңберінде тәжірибесі мол, техникасы көп, мамандары жеткілікті осындай ірі мердігер компаниямен жұмыс істеу бізге де тиімді. Екі тарап та істі нақты, сапалы, дер кезінде атқарса, соның нәтижесінде жасалған жұмыс халықтың игілігіне айналса, біз үшін басты мақсат сол, - деді Амандық Баталов.

 Жиын барысында «Alsim Alarko» компаниясы өкілдері жеңіл рельсті көлік қатынасы құрылысына, электр энергиясы саласына қатысты да жобаларға қатысуға әлеуеті бар екендіктерін айтты. Бұл ретте облыс басшысы аталған құрылыс ұйымын жоғарғы Талғар және жоғарғы Қаскелең трассаларының реконструкциялау жұмыстарына, Талдықорғандағы «Басқуат» қазандығын қайта жаңғырту ісіне тартуға болатынын айтып, тиісті сала мамандарына арнайы тапсырма берді. Өңірдегі аталған салалардың лауазымды тұлғалары мен қала әкімдігі «Alsim Alarko» компаниясы мамандарымен кездесіп, мәселелерді егжей-тегжейлі талқылайтын болады.