Құсман ШАЛАБАЕВ, қоғам қайраткері, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі: Елдің, жердің амандығы керек

Құсман ШАЛАБАЕВ,  қоғам қайраткері, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі: Елдің, жердің амандығы керек
Сурет: Anatili.kazgazeta.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кешегі Жолдауында өмірдің, қоғамның барлық саласын түгел қамтыды. Жан-жақты саралап, олардың шешу жолдарын көрсетіп берді.

Жасыратыны жоқ, бүкіл жаһанды уысында ұстап тұрған коронавирус індеті бізді өмір сүру дағдымыздан біраз жаңылдырып, көп салаға көлеңкесін түсіргені рас. Еңсемізді енді тіктеп жатқандаймыз. Дегенмен әлі де бұрынғы мамыражай, қалыпты күндерімізге еркін орала алмай отырмыз.

«Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа індеттер пайда болатындығын айтуда. Біз оның қашан болатындығын күтіп қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүруге, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бізге керек вакцинаны сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылуға тиіс деді.

«Бұл іс-шара тиісті заң жобасында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын. Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. Денсаулық ұлт жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралмен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құру керектігін де атап өтті.

«Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Індетпен күрес кезінде дәл сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек», – деген Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілермен жасалатын offtake келісімшарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажеттігін де баса айтты.

Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажеттігін тілге тиек етті.

Ұлт денсаулығы мықты болса, ел де, жер де аман болады.