Құнанбай қажы мешітіне қатысты көне жәдігер табылды

Құнанбай қажы мешітіне қатысты көне жәдігер табылды
Сурет: 24.kz

Көне жәдігер мешітке тапсырылады

Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің алғашқы айшығы табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

1930 жылдары қызыл үкіметтің жендеттері мешітті қирату керек деген бұйрық шығарып, Имаш есімді кісі айшығын мылтықпен атып түсірген екен. Бірақ ол сол жерде жантәсілім еткен дейді. Бұл сұмдыққа куә болған жұрт жан-жаққа қаша жөнелгенде, Сәдуақас Шәріпқажыұлы жерге құлаған айшықты алып үлгіреді. Содан бері Сәдуақас молда бұл жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, өмірінің соңына дейін жастығының астында жасырып келген. 

Белгілі өлкетанушы Ерлан Мұстафин көне жәдігерді - дәл сол айшықты соңғы рет алған ақсақалдың үйінен тапқан. Ол кезде қария қайтыс болып, балалары керек қылмапты. Айшық Қытайға жөнелткелі жатқан темір-терсектің арасында жатыпты. Жалпы, тарихи деректерге сүйенсек, бұл мешіт өткен ғасырдың ортасында жатақхана, пионерлер үйі, қойма болған. Тіпті, 80-ші жылдары атқораға айнала жаздапты. Кейін Тәуелсіздік алған жылдары қайта түледі. 

«Қарқаралы уезінде аға сұлтан болып басқарып тұрған кезінде, Құнанбай 12 болыстың басын қосып осы мешітті салғызыпты. Бұл енді ол кісінің өз заманында жәй ғана шынжыр балақ, шұбар төс, алпауыт бай болып қана қоймай, халықтың рухани әлеміне де қатты көңіл бөлгендігін байқатады деп айтар едік. Құнанбайдың қолында болған құнды жәдігер тарихи бұйым болып есептеліп отыр. Бүгін соны қолымызға ұстап көріп, тәу етіп тұрған жайымыз бар», - дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Көне жәдігер әзірге өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің қолында. Келешекте ол айшықты мешітке тапсыруды көздеп отыр.