Құлшынысыңыз зор болсын...!

Құлшынысыңыз зор болсын...!
Сурет: Рhonoteka.org

Мотивация - тек жақсы ойлардың жемісі

Қазіргі таңның ең өзекті дүниесі – мотивация. Оны біреулер көктен, екіншілері жерден іздеуде. Тағы басқалары ғаламды шарлауда. Қаламгер Шерхан Мұртаза атамыз айтқандай, «...Бір кем дүние!». 

Күнделікті уақыт жұмыс пен үйдің арасында өтуде. Алып қалаларда уақыттың біраз бөлігін жол ұрлайды. Ұрлап қана қоймайды. Сонымен бірге шаршауға алып келеді. Көбіміз осыдан зерігеміз. Бірақ кетісе алмаймыз. Бүгінгі ең өзекті тақырып та осы. Сол себепті біршама ойларды ортаға салуды дұрыс деп білдік.

Австриялық дәрігер невролог әрі «психоанализ» ілімінің негізін салушы Зигмунд Фрейд адам жанына не керектігі турасында көп ізденген. Ғалым мынадай бір ой қалдырыпты. Ол «Адам 80% судан тұрады. Егер адамның арманы не ұлы мақсаты болмаса, ол бар болғаны тігінен тұрған шалшық қана» депті. Дәл айтылған нақыл. Қазіргі қоғамда өзінің түпкі мақсатын жоғалтып, діттеген мүддесі жоқ жан қуыс кеуде сықылды. Бұл қоғам ондайлыққа төзбейді. Дәрігер Фрейдтің айтпағының түпкі мәні осыған саяды.

Біздер осы мақала арқылы көптеген адамдардың жанын жадырататын 5 кеңесті ұсынамыз:

Бірінші. Бағдар жасау керек. Қайда, қалай бара жатқаныңызды аңдаған жөн. Ол үшін сіз сүріп отырған қоғамның ығын бағдарлаған абзалырақ. Егер сіз мектепті аяқтап, университетке түспек болсаңыз, мұқият зерделеңіз. Қоғамға қажетті, сұранысқа ие мамандықты таңдаңыз. Бұл, бір жағынан, бәрімізге белгілі, қарапайым болып көрінуі мүмкін. Десе де, өзгенің айтуымен жаны қаламаған саланы таңдайтындар да бар. Бірақ, одан түк шықпауы ықтимал. Сондықтан жүрек нені дұрыс санайды, соған құлақ түріңіз. Ал егер маңызды таңдау алдында тұрсаңыз, сол саланың маманынан немесе көреген кісіден кеңес алған артықтық етпейді.

Екінші. Жетістікке жеткен тұлғаның автобиографиясын оқыңыз. Дәп қазіргідей уақыт тығыз заманда, деректі фильмдер мен қысқаша мотивациялық бейнеүзіктер көруге кеңес берер едік. Өйткені, сіздің жаныңызға керектіні әсерлендіріп тыңдағанға не жетсін!

Үшінші. Жақсы жандармен жолдас болыңыз. Мүмкіндік туып жатса, сыйласыңыз. Арасында сырласыңыз. Дегенмен, сыр алдырмаңыз. Бәрін елеп-екшеп, аңдап сөйлеген абзал болмақ. Жолдағы бейтаныс адамға ойыңыздағыны айтуға болады. Бірақ, бұл арада өзге біреудің ығына түсіп кетуден сақтаныңыз. Мейілінше, жасы үлкен, көпті көрген кісімен дидарласып, сыр шертіскенге не жетсін?!

Төртінші. Саяхаттауға жиі көңіл бөліңіз. Ол үшін міндетті түрде Гавай аралдарына кетудің қажеті жоқ. Десе де, оған барып, демалып, ел мен жер көріп қайтудан бас тартпаған жөн. Өйткені, шетелге шықсаңыз, жақсыны көресіз, тәуір адамдармен сөйлесесіз, өзіңізге қажеттіні аласыз. Жер-дүниенің ғажайыбын сезінесіз. Осыдан кейін басыңызға жақсы идеялар келеді. Міне, тылсым, міне, керемет. Осы аталғанды орындағыңыз келсе, қыдыруды айналаңыздағы әсем табиғаттан бастаңыз. Сонда әр нәрсе өз ретімен болмақ.

Бесінші. Басыңызды көп нәрсеге қатырмаңыз. Келер 10-20 жылда нендей нәрсе болады? Оның ішінде тұрмыстық жағдаяттармен ми қыртысын толтырып алмаңыз. Материалдық жағдай, сіздің мәдени руханиятыңыздың дертіне айналмасын. Бәрі өткінші, бәрі шешіледі. Ең негізгі қағида, кіріс пен шығысты есптеп отырыңыз. Күнделікті есебіңіз анық болса, ойыңыз тез шаршамайды. Сонда ғана өмірге деген құлшыныс оянады.

Жақсы өмірге қадамды бүгіннен құрыңыз. Адамзатқа әрбір сәт қымбат. Әрбір күн бақыт. Әрбір тәулік мүмкіндік. Әрбір жылдар тарих.

Бұл дүниеде адамға берілгендей мүмкіншілік өзге мақұлыққа не тіршілік иесіне берілмеген. Әрдайым осыны есте ұстаңыз!

Құлшынысыңыз жасымасын!!!