Құлдықта өткен 14 жыл

Құлдықта өткен 14 жыл
Almaty-akshamy.kz

Сену қиын. Бірақ Шынаргүлдің тағдыры сенбесіңе қоймайды. Табаны күректей 14 жылғы өмірін ол қалаға іргелес тұрған Алматы облысында құлдықта өткізген. Алғашқы екі жылда ол өзінің құлдықта жүргенін аңғармаған. Көк базарға азанымен мәнті сатуға шыққан күндердің бірінде ол есебін тауып, қашып шығады.

Біз сұхбаттасқан 4 сағат уақыт құдды бір шытырман оқиғалы фильм көріп шыққанмен тең болды.  

- Шынаргүл, (есімі өзгертілген – авт.) құлдыққа қалай түсіп жүрсіз? Өзіңіз жайлы аз-кем айтып берсеңіз.

- Өзімнің туған анам сіңлімді босанып жатып, қайтыс болған. Содан мені Талғардан Нарынқол жаққа 1973 жылы асырап алып кеткен. Туған екі сіңлім бар. Оларды туысқандарымыз асырап алғандықтан, шыны керек, оларды көрген емеспін. Әкем бауырдың ауруынан кеткен. Мені екі рет іздеп келгені бар. Одан кейін көрмедім. 1986 жылы қалаға келіп, оқуға түсе алмай қалдым. Білімім жетіп тұрды, бірақ ауыл шаруашылығына жұмысқа барарда киімім жоқ, бара алмай қалдым. Мені асырап алған шешем аурушаң, момын кісі еді. Оның туысы (кейін мені құлдықта ұстайтын кісінің қызы) «Саяхатта» диспетчер болатын. Мен оны сондағы суретінен көріп, Бақытгүл тәте деп өзіме жақын тартып, бардым. Оқуға түсе алмағандықтан, менің одан басқа барар жерім жоқ. Тіпті, жолыма бір тиын жоқ. Мені Нарынқолға салып жібереді деген үмітпен үйіне бардым. Бірақ «әне жіберем, міне, жіберем» деген сылтаумен үйінен шығармады. Менің сол кездері ештеңеден хабарым жоқ, бірақ сол жақын тартып барған Бақытгүл жеңгетайлықпен айналысып, түрмеге отырып шыққан екен. Оның әкесі – прокурор, менің шешеме күйеу бала болатын. Сол кісі қайтыс болған кезде шешем көңіл айтып барып, ары қарай ауылға бірге қайтатын болғанбыз. Бірақ мені құлдықта ұстайтын Бақанастағы үйге шешем мені қалай өз қолымен апарғанын білмей қалды. Үйлеріне барғанда көрдік, өте дәулетті тұрады. Бірақ қаңғыбас адамдар толып жүр. Екі баласы жолсерік болып істейді. Олар сол қаңғыбас адамдарды Мәскеуден пойызбен алып қайтады екен. Мен пойызда вагон да жудым. Балалары мал ұрлауға ұрлыққа шығады. Арық мал болса оны семіртіп, Қырғызстанға асырып жіберетін. Ол жақтан да мал алып қайтады. Үйде тамақтың бәрін мен жасаймын. Қонақтар келе қалса, таза киім кигізіп, «мынау менің әпкемнің қызы» деп отырғызып қояды. Содан әрине, «мынау құлдықта жүр-ау» деген ой ешкімнің ақылына келмек түгілі, түсіне де кірмейді. Маған малайсың демей, бірақ алдап жұмсап, малға салып қоятын. Бір-екі жыл жақсы қарады, бірақ кейін мал сияқты қарайтын болды. Өзім құлдықта жүргенімді түсінгеннен кейін бір күні үйден қашайын деп әрекеттендім. Оны балалары біліп қойып, мені аямай, қатты ұрып, соққыға жықты. Ал шешем үйге келген кездері үйдегілер мені бір сәтке шешеммен оңаша қалдырған емес. Ондай мүмкіндік бермейтін. Ауылда жұмыс болмағандықтан, шешем менің осы үйде жүре бергенімді қалайтын. Өйткені, не ішем, не жеймін деп қиналмаймын. Олар шешеме «қызыңа қаладан үй алып береміз» деп өтірік уәде берген. Әрі олар қонаққа, тойға келген кездері шешеме ақша, киім-кешек беріп, риза қылып аттандыратын. Құлдықта жүрген бірнеше жылдан кейін шешеме ебін тауып, «жағдайым мәз емес, үйдегілер мені ұрып-соғады» деп айтып көріп ем, шешем сенбеді. «Нағашыларыңның үйінде жүрсің, үй алып береміз деген, аз қалды, шыда» деп, ары қарай сөйлетпей тастайтын. Құлдықта болғанымды шешем ауырып жатқан кезде, 18 жылдан кейін айтқанымда да ол кісі маған сенбей кетті.

- Өзіңіз құлдықтан қашып шыққанда, балаларыңыз қайда еді? Жеке өміріңіз қалай болды?

- Мен құлдықта жүрген үйдің баласы біреуге қарыз болған көрінеді. 19 жасымда мені өзімнен үлкен бейтаныс жігітке сыртымнан 800 долларға сатып жіберген. Содан аяғым ауыр екенін шешеме айтуға тура келді. Бірақ оны үйдегілер менен бұрын шешеме: «қызың өзі жеңілтек, сөйтіп жүріп ұрынып қалды» деп тағы өтірік айтқан. Содан бірінші баламды босанған кезде оны ауылдағы шешем асырап алып, өзінің атына жазғызып алды. Екінші қызым мен ұлымның әкесі де менімен бірге құл болып істеген жігіт еді. Бірақ ұлыма аяғым ауыр кезде ол ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ол ұрланып келген малды соятын қасапшы еді. Негізі қаннан қорқатын. Қызым қозы бағады. Бір қозының жатып қалғанын көрсе, балалары қызымды ұратын. Бізге қинап арақ ішкізеді. Түнгі он екіде мал келді дейді, бәріміз мал союға шығамыз. Оны далада сойып, терісін далаға өртеп, ішек-қарнын сол жердегі өзенге жуып-шаямыз. Қыстың күні өзеннің мұздай суы сүйегіңнен өтеді. Малды бауыздамай, біртүрлі соятын. Туша-туша қылып, Камаздарға салып, клиенттерге жөнелтеді. Жылынайық деп от жағайық десек, түнде далада жанған отқа адамдар келіп, біліп қояды деп бізді ұратын. Сиыр, елік, киік дейсіз бе, қолдарына не түседі, соның бәрін түнде әкеліп сойып, сатып жатады. Тіпті, доңыздың етін де сиырдың етіне араластырып сатып жіберетін. Мен құлдықта жүрген үйдің кенже баласы қорқынышты еді. Жауыздығынан адам шошиды. Үйдегілердің бәрі арақ ішетіндіктен, екінші қызымды шешеме апарып тастап, 7-8 жыл көрмедім. 2008 жылы ұлыма аяғым ауыр кезде әлгі үйден қашып шықтым.

- Қашудың ретін қалай таптыңыз?

- Мені құлдықта ұстап жүргендер Бесағаштан ескі үй алып, сол жерге үй салады. Ондағы көрші ұйғыр тәтелер манты пісіріп, базарға сатады екен. Маған да «сен құр жүрмей, осылармен манты жасап, сат» деген соң, сол жұмысқа шығатын болдым. Түнгі сағат екіден таңғы сағат 6-ға дейін манты түйіп, пісіріп, 1000 дана мантыны екіге бөліп салып, базарға алып кетем. Манты мыжылып қалса, таяқ жеймін. Жасаған мантымнан өзіме бір түйір жегізбейді. Қалған-құтқан тамақтан жейміз. Үйге қонақ көп келетіндіктен, аста-төк тамақ болса да, біз аулада жүрген қаңғыбастармен бірге жуындыға баратын тамақты жейтінбіз. Содан Көк базарға манты сатуға шығып жүрген кездері қашып кетуді ойластырып жүрдім. Бір күні таңертең қызым екеуміздің құжатымызды тығып ала шығып, мантыдан түскен ақшаның бір тиынын да алмай, хат жазып, ішіне ақшасын орап, ұйғыр әйелден беріп жібердім. «Істеген жақсылығыңызға рахмет, енді сіздің үйіңізде жүре алмаймын, қызымды көрмегелі 7-8 жыл болды, бала-шағамды сағындым, жаным солармен бірге, атсаңыз, атып тастаңыз, енді сізге қызмет істемеймін, кешіріңіз» деп жазып, кішкене беторамалды ұйғыр әйелден беріп жібердім. Қашып шыққан соң қара шайым болсын, өзім қайнатып ішкеніме қуанып, біраз уақыт бойы өз-өзіме келе алмай жүрдім. Кейін балаларымды жинап, ел қатарлы күн көре бастадым. Бірақ ақшадан қатты қиналған кездерімде балаларымды тастап кетіп қалғым келген кездер болды. Себебі, банктен несие алуға барғанымда, маған өлген адамның ЖСН-мен жалған құжат жасатқаны базадан шыға келіп, мені бір күнге қамап қойған жағдай да болды. Содан кейін он жыл дегенде өзім мен балаларымның құжатын зорға жасатып, былтыр ғана алдым.

- Неге он жыл уақыт жұмсадыңыз құжат жасауға? Бізде қазір құжат саласы автоматтандырылған емес пе? Сонда сіз үш балаңызбен он жыл бойы Қазақстан азаматы ретінде есепте болмағансыздар ма?

- Қашып шыққан соң менде жеке куәлік, балаларда туу туралы құжат жоқ. Талғардағы учаскелік полиция инспекторына барсам, олар үш-ақ күнде жасап береміз деп 100 доллар сұрады. Менде ондай ақша жоқ. Олар сұраған ақшасын жұмыс істеп, өліп-талып енді жинадым-ау дегенде олардың ставкалары өсіп кетеді. Сондайда шаршап кетіп, қолымды бір сілтейтінмін. Солай қу ақша жетпей, соңынан жүгіріп жүргенде, барлық құжатты он жыл дегенде барып зорға алдым. Оның өзі Алатау ауданындағы Көші-қон полициясындағы Азамат деген жігіт араласқан соң бітті. Ол менің не үшін құжатсыз жүргенімді, балаларымда неге туу туралы куәлік жоқтығын түсіндіріп жазған өмірбаянымды оқып, түнімен ұйықтай алмай шыққан екен. Азаматқа ерекше ризамын, барлық жұмысты өз жауапкершілігіне алып, бітіріп берді. Қазір Аллаға шүкір деймін.

Балаларым кішкентайынан спортқа бейім. Үлкені күреске барады, футболға қатысады. Балам құжатсыз жүрген кездері көршілер де біліп алған, жарыс бола қалса, «менің баламның атынан қатысып келсінші» деп, 2000-3000 теңге береді. Сонда балам үнемі бірінші орындар алып келетін. Бір күні шыдай алмай жыладым. Бармашы десем, энергиясы тасып тұрған балам онсыз тұра алмайды. «Анашым, газдың, светтің ақшасын төлейсіз, сізге көмек болады» деп жұбатып қояды. Өзінің құжатын алған соң, балам бірінші рет өз атынан жарысқа қатысып, бірінші орын алып келді. Жүрегім жарыла жаздап, қатты қуандым. Оның өзі үлкен бақыт екен. Қазір дүкендерге манты, бәліш пісіремін. Тапсырысқа ыстық тамақ дайындап, таксимен салып жіберемін. Кейде бұрынғы өмірімді есіме алсам, қорқынышты түс секілді. Сізге айтып, біраз жеңілдеп қалдым, әйтпесе, көп ешкімге айта бермеймін өткен өмірімді. Бағанадан бері отырып айтқан әңгімемде айтылмай қалған да оқиғалар бар. Бірақ ең ауыр күндер артта қалды. Шүкір деймін...

- Сұхбатыңызға рақмет!

МАМАН ПІКІРІ:

Оразгүл АРЫСТАНОВА,  «Аналарды қолдау» орталығының заңгері: 

САЛҒЫРТТЫҚ КӨП

– Шынаргүл апайдың қызы кафеде істеп жүргенде сол кафеде тұратын қайырымдылық қорының жәшіктерін жинауға келген жігітті көреді. Содан ол жігітке бар жағдайын айтып, көмек сұраған. Әлгі жігіт оған «Аналарды қолдау» орталығындағы менің нөмірімді береді. Ол кез былтыр қараша айы болатын. Апай ұлдары мен қызының және өзінің құжаты жоқтығын, сол үшін ресми жұмысқа орналаса алмай жүргенін және балалары біреудің атымен жарысқа баратынын айтты. Содан бірден сотқа құжаттарын жинадық, Көші-қон полициясының протоколы бар, мектептен алған құжаттары бар, сөйтіп балалардың құжатын жасап бердік. 
Таңқалатыным, бала кішкентай кезінде неге есепке тұрмаған? Емханадан бастап, мектепке барғанда әлеуметтік жұмыскерлер әкімшілікке шығып, «неге бұл әйел құжатсыз жүр» деп комиссияға шығу керек еді. Сол жұмыстар жасалмаған. Учаскелік полиция ақша сұраған, ол да жемқорлықтың, заң бұзушылықтың көрінісі. Мемлекеттік органдардың өз жұмысына салғырттық танытып, көз жұма қарағаны үшін бәрін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын. Бұл жағдай жалғыз Шынаргүл апайдың басындағы мәселе емес. Шыны керек, қанша адам осындай мәселемен жүр біздің елде. Өзім осы кісінің құжатымен айналысқалы бері көп осындай салғырттыққа тап болып жатырмын. Бұл материалдарды біз сотқа тапсырғанбыз, бірақ олар бізден материал қабылдамай жатыр. Біз өзіміз демеуші тауып, балалардың бәріне ДНҚ анализ тапсырдық. Бірақ сонда да материалды бізге кері қайтарып жатыр. Бір қынжылтатыны, сот Шынаргүл тәтені шақырып, мынау қандай жағдай, неге бұлай болды деп сұрамаған. Сонда қызметте отырған адам жәй, қарапайым адамның өміріне қызықпаса, сұрамаса, қандай шешім шығаруға болады? Бұл да мен үшін терең бір сұрақ болып қалып тұр. Алатау аудандық сот ісін қараған судья не өзі, не хатшысы шығып, бірде-бір шығып сөйлескенін көрмедім. Бірінші процеске қатысқанымызда ол өзін жоғары ұстап, менсінбеген адамдай сөйледі. Мен бақылаушы болып сырттайбақылап отырғанмын. Залда отырғанымды білдіріп, сөйлескенде, сөзге келіп қалдым.Шынаргүл апайды өз еркінен тыс бас бостандығынан айыру жағдайы ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабымен жазалану керек. Онда 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.