Қ.Тоқаев «Битараплык» орденімен марапатталды

Қ.Тоқаев «Битараплык» орденімен марапатталды
Сурет: 24.kz

Президент көрші елдің айрықша марапатына ие болды

Қазақстан мен Түрікменстан делегациялары өткізген келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан Президенті әлемде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық серіктестігі достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы екі тараптың қол жеткізген уағдаластықтары туралы айта келе, шекараны құқықтық тұрғыдан шегендеуге бағытталған келісімдердің маңызына тоқталды.

«Бүгін біз бірқатар маңызды құжат қабылдадық. Олардың ішінде Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт, сондай-ақ шекара тәртібі туралы үкіметаралық келісім ерекше орын алады. Осылайша, біз елдеріміз арасындағы құрлықтағы және теңіздегі шекараларды заңды түрде рәсімдеуді аяқтадық. Мұның саяси мәні бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларына баса мән берілді.

Мемлекет басшысы халықаралық ауқымдағы тақырыптардың басым бөлігі бойынша екі тараптың ұстанымдары жақын екенін атап өтті. Қазақстан Президенті сөзінің соңында келіссөздердің қорытындылары халықтарымыз арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайта түсетініне, қазақ-түрікмен серіктестігін жаңа стратегиялық биікке көтеру үшін жол ашатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентін келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.

Брифингтен кейін Қазақстан Президентін «Битараплык» орденімен салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Мемлекет басшысына Жоғары награданы Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов табыстады.