ҚР АШМ: 23,2 млн тонна шөп дайындалды

ҚР АШМ: 23,2 млн тонна шөп дайындалды
Сурет: Нaywired.ru

32,8 миллион бастан астам малды қыстан аман-есен алып шығу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп жем-шөп дайындау жоспары айқындалды.

Малға беретін екпе шөп алқабы 3,2 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ал малға жем ретінде берілетін дақылдардың егіс алқабы - 2,6 млн гектар.

2021 жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, 23,2 млн тонна шөп жиналды. Бұл жоспардың (23,8 млн тонна) 98%-ға орындалғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, 1,5 млн тонна (94%) пішендеме, 1 млн тоннадан астам (53%) сүрлем, 2,9 млн тонна (61%) сабан дайындалды.

Биылғы ауа райының қолайсыздығы мал азығы қорын жинауға едәуір қиындық туғызды. Атап айтқанда, құрғақшылықтың кесірінен жайылымдардың басым бөлігі өртенді, табиғи шабындық жерлерде де шөп қалың болмады. Жағдайды тұрақтандыру үшін Министрлік нақты шаралар қабылдауда.

Жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр.