Қоқысты кәдеге жаратсақ, ол да пайда!

Қоқысты кәдеге жаратсақ, ол да пайда!
Сурет: Аbon-news.ru

Қоқыс өңдеу философиясы жолға қойылып келеді.

Қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшылығының назарындағы мәселе – қоқыс. Жапония, Сингапур, АҚШ сынды өркендеген елдер қоқыс өңдеудің жаңа экономикалық бағытын тапты. Осының нәтижесінде сұрыптап, қалдықты кәдеге жаратудың модернизациясын пайдалануда.

Статистикаға сүйенсек, жылына орта есеппен үлкен қаланың әр тұр­ғыны 500 килограмм қоқыс шыға­рады, ал шағын қаланың әр тұрғыны 150-200 килограмм қоқыс төгетін көрінеді. Осы бағытта жүргі­зілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, қағаз ыдырау үшін 5-10, полиэтиленге 250-500, шыныға 1000 жыл керек. Мәселен, біз күнделікті тұтынатын пакеттер шіруіне 300 жыл уақыт қажет. Енді есептей беріңіз: біз айналасы бірнеше жылдан, ғасырларға ұласқан ұзақ мерзімдерде қандай ауа жұтудамыз. Көптеген экологтардың айтуы­на қарағанда, ол қалдықтардан бөліне­тін улы заттар түрлі бактерологиялық аурулардың тууына себеп болады екен. Әсіресе, СПИД-тің таралуы, ауамен келетін ауру-сырқаулар бір­тіндеп қоқыс төгілетін полигондар маңындағы елді мекендер артынан барша қала, мемлекет, әлемге зардабын тигізеді. Өткен XX ғасырда барша дүниеде ғылыми техникалық өрлеудің нәтижесінде технология дамып, зауыттар мен фабрикалар салына бастады. Ал, өнеркәсіп орындары көбіне елдің экономикалық ахуалын дамытты, бірақ оның екінші тұсы да бар еді. Біртіндеп өндіріс орындары нулы-тоғайлы, өзен көлдер маңайына салынды. Үлкен-үлкен фабрикалар кәсібін домалатып, қоршаған ортаның ластануын естен шығарды. Содан бері будақтаған түтін, керексіз сұйық қалдықтар биосфера қабатын ластауда. Орман тоғайлар оталып, өзен-көлдің сулары тартылып жатты. Сөзімізге тұздық, бір ғана мысал – Арал теңізі. Әлемдік ғалымдар Ги­малайдың басынан Аралдан ұшқан тұздың қалдықтарын тапқан. Демек, бұл – ғаламдық проблема. Жапония, Сингапур, Америка Құрама Штаттарында қоқысты кәсіп етіп, нәсіп тауып отырған кәсіп­орындар бар. Қарапайым ағаштың жаңқасынан қалған қиқымды арзанға сатып алып, одан түрлі шкаф, есік, тағы сол секілді тұрмыстық заттарды жасап, тұтынушыға екі үш есе бағасында нарыққа жөнелтеді. Ал оның сыртында шетелге экспорттау бар. Біздіңше, бүгінгінің ең өзек­ті мәселесі – азық-түлік қауіп­сіздігі­нен кейінгі орындағы «қо­қыс» проблемасы деп білеміз. Жаһан күн сайын өзгеріп жатыр. Сол үде­рістен қалмау үшін әлем елдері өз экономикаларын әртараптандырып әлек. Бізде келешекте дамыған өр­кениетті мемлекеттердің көшінен қалмайық десек, таза қала, таза ауа, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін қоқысты кәдеге жаратайық.

Қалдықты өңдеудің өз этикасы бар

Олай дейтініміздің өз жөні бар. Мәселен, дамыған елдерде қоқысты тастаудың да әдебі және өзіндік этикасы қалыптасқан. Енді осы тақырыпты тереңірек тарқатып айталық. Америка, Жапония, Оңтүстік Корея сынды экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттер қалдықты кәдеге жаратуға тырысады. Оны өңдеп, түрлі бұйымдар жасайды. Былай қарағанда нағыз табыс көзіне айналдырған. Енді рет ретімен баяндайық. Ол жерлерде арнайы орындар қарастырылған. Соған барып, белгіленген жеріне тастайды. Дәлірек айтқанда, сұрыптау әдісін қолданады. Мұнда полиэтилен, пакет, бөтелке, шыны ыдыс, т.б бөліп, әрқайсысын бөлектеп қояды. Міне, содан кейін сұрыптап, оны зауыт пен фабрикаларда қайта өңдеу жеңіл болмақ. Осылайша қоршаған ортаға өз үлесіңізді қоса аласыз. 

Кәделі іс һәм тазалық

Өздеріңіз білетіндей, қоршаған ортаны аман сақтау - тікелей әрқайсымызға байланысты шаруа. Оны күтіп баптап, шашпай-төкпей аман сақтау - заман талабы. Пакеттер мен пластиктердің шіруін күтпеген жөн. Оны мейлінше арнайы қоқыс салатын жәшік көрсеңіз, сұрыптап тастаған дұрыс. Мұндай бастама әрқайсымыздың азаматтық қоғамға деген жылжуымыздың тікелей көрінісі болар еді.

Еліміздегі қоқыс өңдеу индустриясы

Соңғы жылдары қоқыстан да пайда бар екендігін кәсіпкерлер қауымы түсіне бастады. Күнделікті өмірде аса мән бере бермейтін, тек жәй шаруаға балайтын дүние ертеңге өзекті болуы мүмкін. Әлемнің үздік өнертапқыштары үлкен құрылғы аппараттар арқылы қалдықты өңдеуге кірісіп кеткеніне де біраз уақыт болды. Қазақстанда қоқыстың қоры өңдеуге толықтай жетерлік деп айта аламыз. Өйткені бұған дейін ондай зауыттар ел аумағында болмаған еді. Тәуелсіздік жылдары нарықтық экономикалық жағдайда ғұмыр кешудеміз. Осыған орай шетелдің озық тәжірибесі бізге де жетті. Осыған дейін Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы мегаполистерінде арнайы қоқыс өңдейтін зауыттар ашылғанын білеміз. Бұл жыл санап өз нәтижесін беруде. Яғни, бұрын аяқ алып жүру мүмкін болмаған полигондар енді қайта өңдеу аймақтарына ауысуда. Қалдықты өңдеп, одан күнделікті пайдаға асатын нәрселер жасалынуда. Тіпті шетелде аяқ киімнен бастап, базардан қайтқанда тұтынатын қол пакеттеріне дейін шығарады. Бұл дегеніміз ғылым мен технологияның жетілгендігін білдіреді.

Қоқысты өңдеу экономиканы өрлетумен тең

Сарапшылардың пірінше, дүниежүзінің дамыған мемлекеттерінің экономикасының қарқынды дамуына бірден бір себепші фактор – қалдықты өңдеу болып табылады екен. Алдағы 10-15 жылда қалдықты өңдеу 4 есеге дейін артып, қыруар қаржы түсіретін қаржылық драйверге айналуы ғажап еместігін айтуда. Бүгіннің өзінде бұл саланың нәтижелі көрсеткіші бойынша АҚШ, Германия, Жапония, Сингапур сынды т.б. елдер алдыңғы қатарда келе жатыр. Олар өңделген қоқыстан киім тігеді, көліктер мен қатынас құралдарына орындық жасайды. Осылайша өз елдерінің экономикасын өрге домалата береді. Соңғы жылдары республикамыздағы қолға алынып жатқан істердің арқасында бізде де қоқысты өңдеуді жолға қойып келеді. 

Қоқысты экономикаға айналдыру – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабы.