Қоғамдық көлік жүргізушілерін қатаң бақылауға алды

Қоғамдық көлік жүргізушілерін қатаң бақылауға алды
vecher.kz

Алматыда «Автобус» жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 4-13 қазан аралығында 184 патрульдік экипаж және 911 полиция қызметкері жолаушылар көлігін тексеретін болады.

«Бұл шара жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуын анықтау мен жолын кесуге, сондай-ақ автобустардың техникалық жағдайын тексеруге бағытталған. Жүргізушілердің көліктік тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігінің қолданыста жүру фактілерін анықтау және заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Іс-шараның бірінші күнінде 46 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды: 29 жүргізуші маневр жасау ережелерін бұзса (ҚР ӘҚбК-нің 595-бабы), 12-сі көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған (ҚР ӘҚбК-нің 591-бабы). Мамандандырылған айып тұрағына 1 қоғамдық көлік қойылды. Рұқсат етілмеген 6 қоғамдық көлік пен такси аялдамасы жойылды. 

«Жолаушылар көлігіндегі жазатайым оқиғалардың талдауы көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жүргізушілердің Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамауы, атап айтқанда, белгіленген жылдамдықты асыруы, қарсы жолаққа шығуы және қашықтықты сақтамауы», - дейді полиция өкілі.